Жетісу облысы құрылғаннан бері 90 млрд. теңгеге инвестициялық жобалар іске асырылды

Жалпы Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде құны 90 млрд. теңгеге жуықтайтын 86 жоба іске асырылып, 2 200-ден астам жұмыс орны ашылды. Бұл туралы бүгін облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Бақытнұр Бақытұлы Талдықорғанда өткен брифинг барысында айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Спикердің мәліметіне сүйенсек, облыстың өнеркәсіп өндірісінде бүгінде 540 кәсіпорын жұмыс істейді, соның 14- і – ірі, 15-і – орта кәсіпорын. 2023 жылы 4,4% өсіммен 320,6 млрд. теңге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Ал өңдеу секторының үлесі 79,9% құрайды. Өңдеу өнеркәсібінде электр жабдықтары – 10,5%-ға, металл емес өзге де минералды өнімдер – 11,1%-ға, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдары 1,5 есе, жеңіл өнеркәсіп 16,2%-ға ұлғайды.

2024 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемін 344 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда, ол «Қайнар АКБ», «Жаркент крахмал-сірне зауыты», «Феникс Фид Милс» ЖШС-лары және т.б. өндіріс көлемін ұлғайту есебінен, темірді тікелей қалпына келтіру өндірісі бойынша «Grindstone» ЖШС-ның өнеркәсіптік қондырғыны іске қосу есебінен өсірілмек.

«Жетісу облысының инвестициялық мүмкіндіктері мол. Облыста 5 стратегиялық бағыт бойынша – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік және логистика, туризм, баламалы энергетика және өнеркәсіп, оның ішінде жер қойнауын пайдалануды дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде. 2023 жылдан 2030 жылға дейін іске асырылып жатқан жобалардың инвестициялық портфелі қалыптастырылды, онда құны 3,2 трлн. теңге болатын 208 жоба бар, оларда 11 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Жетісу облысы құрылғаннан бері жалпы құны 89,4 млрд. теңге болатын 86 жоба іске асырылып, 2 200-ден астам жұмыс орны құрылды», – деді Б. Бақытұлы. Спикер солардың ірілерінің қатарында Қаратал ауданындағы күн электр станциясы, Сарқан, Алакөл аудандарындағы жел электр станциялары және т.б. бар екенін атап өтті.

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 350,8 млрд.теңге инвестиция тартылған. Негізгі үлес бюджеттен тыс қаражатқа тиесілі, яғни 64,3% немесе 225,5 млрд. теңге, бұл 2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда 26,6%-ға артық. Ал биыл 90 млрд. теңгеге 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын 55 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде Ескелді, Сарқан аудандарындағы ГЭС-тер, Текелі қаласында феробалқыту өндірісі бойынша металлургия зауыты және т.б. болмақ.

Брифинг барысында спикер шағын және орта бизнесті дамыту бағыты жайлы да баяндады. Өңірде 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 59 мың бірлікті құрады. Өткен жылдың 9 айында бұл салада 107,6 мың адам жұмыспен қамтылды, бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ға жоғары. 2024 жылға арналған жоспар – 111,2 мың адам.

ПІКІР ЖАЗУ