Жетісайлық ұстаз әрі балықшы келіншек
Тіршілікте ерлермен бірге еңбек етіп, қосымша кәсіппен айналысып жүрген әйелдер өте көп. Сондай тынымсыз жанның бірі – Эльмира Қанайқызы. Жетісай ауданы, Шаблан Ділдәбеков ауылдық округінің тұрғыны Эльмираның негізгі мамандығы – мұғалім, ауылдағы мектепте бастауыш сыныпта сабақ береді. Алматы қаласында жоғарғы оқу орнын бітіріп диплом алғаннан кейін ауылға келіп, өмірлік жолдасыммен танысып шаңырақ көтереді. Бір ерекшелігі, ол 14 жылдан бері балық ұстап, одан түрлі тағам әзірлеумен айналысып келеді.
– Тұрмысқа шыққан кезде отағасы балықтан әртүрлі тағамдар жасап көрсетті. Ауылда өскенім болмаса, балық тағамдарын онша білмейтін едім. Уақыт өте келе өзім де жасауды үйрендім. Бұл салада өмірлік серігім Бақытжанды ұстазым десем болады. Қазіргі таңда балықтан 10-нан астам тағам және салаттар жасап, оны сатып пайда көремін. Білген адамға балықтың пайдасы өте көп. Құдайға шүкір, балаларымның денсаулығы жақсы. Бос уақытымда көлге түсіп, қармақпен балық аулаймын. Отағасына көмек беремін. Арасында ол той, жиындарға барып балықтан тағамдар жасап тұрады. Бір сөзбен айтқанда өзімізді өзіміз сүйреп келеміз. Балықтан тағамдар жасап беру бойынша халықтан тапсырыс көп түседі. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында үй салдық, алған несиелерімізді жаптық, – дейді балықшы әрі ұстаз Эльмира Төлеева.
– Менен көбінесе балықтың сорпасын, хе деген салатын, бұқтырма тағамдарын сұрайды. Балықты тандырдан бастап, қазанға, жерошаққа пісіремін. Тиісінше, әрқайсысының дәмі әртүрлі болады, – дейді отағасы Бақытжан Қанатұлы.
Өзгелерді де кәсіпкерлікке баулып жүрген Эльмира бос уақытында “Instagram” әлеуметтік желісі арқылы өз оқырмандарына сабақ өтіп, білгенімен бөлісіп келеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі