Жетісайда зағиптар күні аталып өтті

Тағдырдың жазуымен жастайынан жанарынан ауйырылып, көру қабілеті жоғалған немесе төмендеген жандардың қатысуымен «13 қараша – Халықаралық зағиптар күні» аясында Жетісай ауданында мерекелік кеш болып өтті.

«Бұл басқосудың басты мақсаты – зағип жандардың сау адамдармен тең құқылы екендігін сезіндіру. Көзі көрмейтін немесе нашар көретін азаматтарға қоғамда тең құқылы екендіктерін ұғындырып жігерлендіру болатын. Аталмыш жиынға олар бізге басқалар аяушылық танытсын деп келмеген. Қайта, жағдайларына қарамастан, қолдарынан іс келетіндігін дәлелдеген жандар. Осы санаттағы азаматтарға ұдайы көмек көрсетілетін болады» дейді шараға қатысқан Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев

Ал, көптен бері көріспеген зағип жандар бір-бірімен қауышып, бір марқайып қалды.

«Халықты әлеуметтік қорғау – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Өздеріңіз білетіндей Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөліп, қоғамдағы орындарын айқындау жайында айтылып келеді. Осы күні «Жетісай ауданы зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінде 67 адам тіркеуде тұр. Олардың 46-сы бірінші топтағы, 18 адам екінші топтағы мүгедектер санатына кіреді. Бұлардың ішінде 39-ы ер азаматтар болса, 28-і әйел азаматтар, 7 адам бала жастан мүгедек болып табылады. Қамкөңіл жандардың көңілін аулау үшін алдағы уақытта осы тәріздес іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұратын болады» дейді Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбеков.

Іс-шара барысында аудандық зағиптар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтияр Сары атқарған жұмыстарының есебін беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде аудан атқа мінерлері көру мүмкіндігі шектеулі жандарға демеушілер есебінен бір реттек сый-сияпат жасап, жомарттық танытқан жандарды аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен ауданық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының атынан алғыс хатпен марапаттады.

Салтанатты шара барысында аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламалары ұсынылып, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

ПІКІР ЖАЗУ