Жетісайда мақта зауыттарының басшыларымен кездесу өтті

Жетісай ауданының мақта дақылын өндіруші шаруаларының мәселесін оңтайлы шешу мақсатында өңірдің мақта өңдеу зауыттары мен ауданның ірі шаруа қожалық төрағаларымен кездесу өткізді. Ашық әңгіме барысында мақта шарушылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, аудан басшысы тарапынан тиісті ұсыныстар енгізілді. Диқандардың уәжін жеткізген Серік Үсенұлы зауыт басшыларына бірқатар талаптар қойды.

– Cіздермен ауданымыздың шаруалары үшін маңызды мәселелерді талқылап, ортақ мәмілеге келу үшін арнайы кездесіп отырмыз. Ауылдық округтерде өткен кездесулерде шаруалардың айтатын бірінші мәселесі – ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің, соның ішінде мақтаның бағасы. Шаруалардың ерте көктемнен қара күзге дейінгі еңбегі зая кетпесін. Мүмкіндігінше дұрыс баға шығарыңыздар, бір жыл жылдағыдан азырақ пайда тапсаңыздар ештеңе етпейді, – деген аудан басшысы мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол берілмеу керектігін ескертті.

Бүгінде аудан аумағында орналасқан мақта қабылдаушы 7 мақта өңдеу зауыттары мен 77 мақта қабылдау бекеттерінің 45-і аудан аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі болса, қалған 32-сі Мақтарал ауданы аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі.

Мақта өңдеу зауыттары өкілдерінің айтуынша, әр компания тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен (трейдерлермен) жұмыс істейді. Ал трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісімшарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті, мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестициялар деуге болады. Жиынға келген мақта зауыт басшылары дәл қазіргі кезде сұраныстың жоқтығын алға тартты. Баға – мақта сапасына байланысты екенін мәлімдеді.

Аудан әкімі кездесу барысында зауыт басшыларына мақтаны тазалаумен қатар, қайта өңдеумен айналысуды ұсынды. Өйткені, 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыратын ауданның 40,8 мың гектардан астам жеріне мақта шиті егіледі.

Айта кетейік, мақталық алқаптарға дефолиациялау жұмыстары жүргізіліп, күзгі жиын-терім науқанына 715 дана трактор, 897 дана трактор тіркемелері, 61 дана ОВХ, 232 дана мақта терім машиналары дайын. 1665 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, алдын ала болжам бойынша гектарынан 25,8 центнерден өнім алынады деп жоспарланып отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ