Жетісайда азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» орталық базары мен бірқатар сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізілді.

Аудан басшысы дүкен сөрелерінде бар тауарлар ассортиментімен мұқият танысты. Ең бастысы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бақылауға алынды.

Мониторинг барысында бірқатар дүкендерде сүт және тауық, май мен ұн өнімдеріне бағаның шамалы өсуі тіркелді. Бұл мониторингке аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, аудандық мәслихат төрағасы мен қала әкімі, базар басшылары қатысты.

Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз шектік бағадан көтеретін тауар өндірушілер мен жеткізушілерге қатысты қатаң шаралар қабылданатын болады.

Мониторинг барысында Серік Үсенұлы жауапты сала мамандары мен қала әкімдігіне күнделікті дүкендерді аралауды, тауар интервенцияларын жүргізу бойынша жұмысты күшейтуді, дүкендердегі сөрелерде азық-түлік тауарлары қорының жеткілікті көлемін қалыптастыруды, сондай-ақ, азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтеретін делдалдарды анықтау бойынша жұмысты ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Жалпы, аудан әкімдігі тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмыс күнделікті бақылауға алынып, тиісті шаралар қабылдануда.

ПІКІР ЖАЗУ