Жетісай: жолдау – жұртшылық жағдайының жақсаруына ықпал етеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әр жылғы Жолдауы – тарихи құжат. Әрқайсысы стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жолдау – ең алдымен мемлекеттің қарыштап дамуының бағдарын айқындаса, екіншіден, межеленген міндеттерді саралуға, ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.
Аудандық «Жетісай» мәдениет үйінің мәжіліс залында Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков пен Түркістан облыстық ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Төлбасықызының, аудандық мәслихат депутаты Қаршыға Ақтөреева мен зиялы қауым өкілдерінің, аудан жастары мен қала тұрғындарының қатысуымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын тұрғындар арасында кеңінен насихаттау мақсатында арнайы жиын болып өтті.
«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында таяуда жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламалары мен әлеуметтік экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар жоспары жақсы айтылды.
Үкіметтің алдына экономиканы трансформациялау, азаматтардың тұрмысын жақсарту бойынша ауқымды міндеттер қойды. Бұл дегеніміз әрбір отбасының берекелі өмір сүруі, тұрақты жұмыс, лайықты жалақы, балалардың амандығы мен қауіпсіздігі деген сөз» деген Марат Фаритұлы қос палатаның отырысында Президент тапсырмасымен азаматтарға қамқорлық жасау, олардың әл-ауқатын арттыру бойынша келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің 85 мың теңгеге дейін көтеріліп, бұл бағытта қамтылатын 1,8 миллион адамның 350 мыңы бюджет саласының қызметкерлері екенін жеткізді.
Сонымен қатар, жиын барысында Жолдауда жаңа экономикалық серпіліс жасау үшін мемлекеттегі бар мүмкіндіктерді пайдаланып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне ерекше назар аударылатындығы, соңғы кездері әлеуметтік шиеленістің негізгі себептерінің біріне айналған несие алып, төлей алмай қалу секілді олқылықтардың алдын алу мақсатында азаматтарды жаппай қаржылық сауаттылыққа оқытудың ауқымы кеңейтілетіндігі сөз болды.
Басқосу соңында қос палатаның отырысында Президент айтқан мәселелер мен берілген тапсырмалардың, бекітілген бағдарламалардың Үкімет пен жауапты органдар тарапынан үлкен жауапкершілікпен атқарылатынына сенім білдірген жұртшылық мемлекеттік саясатты қолдайтындықтарын айтып тарқасты.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі