Жетісай: ұлттық мереке жоғары деңгейде аталып өтті

«Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «25 қазан – Республика күні» мерекесі болып бекітілді.

Мемлекеттің қалыптасу тарихы ұлықталып, өткеннің өнегесін өскелең ұрпаққа насихаттайтын, араға 13 жыл салып тойлануы қайта қолға алынған мерекені Жетісай ауданының жұртшылығы да жоғары дәрежеде атап өтті. Қолөнер бұйымдары мен кітап, сурет көрмесін жұртшылық назарына ұсынды.

Орталық алаңда өткен мерекелік шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаева, зиялы қауым өкілдері мен сан саланың үздіктері қатысты.

«Ата-бабамыздың сан ғасыр бойы аңсаған асқақ арманы мен ақжарма тілегі орындалып, жарқын жасампаздық пен үкілі үміті үстем болып, егемен еліміздің еркін дамуына айқара жол ашқан айтулы мереке бәріміз үшін қасиетті де қастерлі.

Ұлттың, тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы бола білген бұл күн – еліміздің ҚАЗАҚСТАН деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бастап Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие елге айналды. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел болып танылды» деген аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандарды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының және өз атынан алғыс хаттармен марапаттады.

Мемлекеттік тарихымыздың мерейлі мерекесі болған Республика күні мерекесінің салтанатты бөлімінен соң аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, Жетісай аспанын асқақ әнге бөледі.

ПІКІР ЖАЗУ