Жетісай: құрылыс нысандарына партиялық бақылау жүргізілді

«AMANAT» партиясы Орталық аппараты Партиялық бақылау департаментінің директоры Дәурен Бижұманов Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында Жетісай қаласындағы құрылысы жүріп жатқан 1500 орындық білім ұясында болды. Аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров пен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Абишевтер құрылыс алаңында мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Заманауи пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалатын, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретін білім ұясының құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауда ұстап, өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуін тапсырды.
Сондай-ақ, Дәурен Еркінұлы Жетісай қаласындағы 1954 – 1957 жылдары салынған көппәтерлі тұрғын үйлердің жай-күйін көріп, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз жұмыстарын көрді.
Жауапты сала басшылары қалада ауыз су жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында қосымша ұңғыманың қазылғанын, тұтынушыларға толықтай жеткізіп беру бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Одан бөлек, 50 мыңға жуық тұрғыны бар Жетісай қаласындағы 133 көппәтерлі тұрғын үйде 1500-ге тарта азамат тұрады. Қазірдің өзінде аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғындармен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде кондаминиум бағдарламасы аясында мемлекеттік акт алынған 71 көппәтерлі тұрғын үйдің 44-не оң қорытынды берілген. Ал, 18 үйге жерге орналастыру жобасы жасалған. Алдағы уақытта бағдарлама аясында барлық көппәтерлі тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізілетін болады.