Жетісай қаласында Мақтаарал ауданының мәдени күндері өтті

Түркістан обылыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен қала, ауданаралық мәдениет күндері аясында Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласында Мақтаарал ауданының мәдени күндері өтті.

Мәдени күндер аясында “Мақтаарал” мәдениет үйінің жанынан құралған “Балдәурен” қуыршақ театры Жетісай қаласының “Нұр-жібек” бөбекжай-балабақшасында ертегілерден қойылымдар қойып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады. Сонымен қатар, Жетісай қаласының орталық алаңында және аудандық мәдениет үйінде қолөнер бұйымдарының көрмесі, кітап көрмесі, ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа байланысты түрлі іс-шаралар өткізілді.

Мәдени күндер аудандық мәдениет үйі залында Мақтаарал аудандық әжелер алқасының төрайымы Ш.Құрбанбаеваның алғашқы “Өмірім-өнеге” атты кітабының тұсау кесерімен жалғасын тауып, Жетісай қаласының орталық алаңында өткен гала-концертпен қорытындыланды.

Гала-концертке аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысып, жетісайлықтарды мерекемен құттықтады. 1997-2018 жылдар аралығында Мақтаарал ауданының орталығы ретінде дамыған Жетісай қаласы қашанда ән-жырдың, өнердің орталығы болып қала беретінін атап өтті. Сонымен қатар, қазіргі таңда қос аудан Мырзашөлдің қос қанатындай бірге дамып жатқанын тілге тиек етті.

Айта кетейік, гала-концертте “Ақ алтын” ұлт аспаптар ансамблі, “Мерей” вокалды аспаптар ансамблі және мақтааралдық өнерпаздар жетісайлықтарға мерекелік көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

ПІКІР ЖАЗУ