Жетісай: аудан басшысы құрылыс нысандарын аралады

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың жұмыс жоспарына сәйкес барған нысандарының алғашқысы – Жетісай қаласындағы қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан орталық саябақ болды. Онда мердігер мекеме басшыларымен кездесіп, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын саралады.

Жаңарған жоба іске қосылған соң жалпы аумағы 17,14 га болатын орталық саябақта қала тұрғындарына арналған арнайы демалыс орындары, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық сауықтыру кешендері, түрлі ойын атракциондары, үлкендер мен бүлдіршіндерге арналған бассейндер, биіктігі 5 метрге дейін жететін су бұрқақтары мен сауда дүңгіршектері іске қосылатын болады.

Сонымен қатар, аудан басшысы орталық саябақтағы жалпы құны 1 057 713,858 мың теңге болатын дене шынықтыру кешенінің құрылысын көрді. Өткен жылы жұмысы басталған қос қабатты нысанның негізгі жұмыстары аяқталып, жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда. Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген 200 млн теңгені толық игерген мердігер «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС мердігер мекемесі құрылыс жұмыстары барысында бірқатар сызбаға өзгерістер енгізген.

Сонан соң аудан басшысы қаладағы «Жетісай су» және «Жетісай қызмет» мекемелерінде болып, қысқы дайындықтары мен санитарлық тазалық жұмыстарына, көшелерді жарықтандыру мен сапалы ауыз су жеткізіп беруге қажетті техникалардың, құрал-жабдықтардың жарамдылығына, қыс қалың болған жағдайда көшелерге себілетін тұз бен құмның қажетті мөлшерде екеніне көз жеткізді.

Сондай-ақ, Серік Үсенұлы жауапты сала мамандарымен бірге Қазыбек би ауылдық округі, Құрбан ата елді мекенін ауыз сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту жұмыстарымен де танысты. Мердігер мекеме «Exclusive Stroy Corporation» ЖШС өкілімен тілдесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы әрі қауіпсіз болуын ескертті. 2023 жылдың сәуір айында басталған құрылысты 2024 жылы кестеге сәйкес толығымен тәмамдап, тұрғындарға тапсыру керектігін айтты.

ПІКІР ЖАЗУ