Жатақхана тапшылығы қалай шешіледі? – министрлік шешімі

Қазақстанда жаңа жатақханалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы салынады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап бере отырып мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда жаңа жатақханалар салуға арналған бағдарламалық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетігі әзірленген. Бұл тетік мемлекет пен бизнестің мүдделерін ұштастыра отырып, инвестицияларды тариф арқылы қайтаруды көздейді.

Айта кетерлігі, бұл тәсілде бизнеске күрделі шығындарды өтеу қарастырылмаған. Инвестициялар мемлекеттік тапсырыс арқылы өтелмек. Бүгінде Азия даму банкімен бірлесіп, Сәтбаев университетінде 5900 орындық жатақхана салу жобасы пысықталып жатыр.

МЖӘ тетігі ЖОО (30%-ға дейін) және жеке инвестордың (70%-ға дейін) бірлесіп қаржыландыруын, ал кейін алты жыл ішінде мемлекет тарапынан өтемақы төленуін қарастырады. Сондай-ақ коммерциялық үй-жайлардың 15%-ына дейінгі бөлігі инвесторға берілуі мүмкін, – дейді ведомство.

Еске салайық, Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылы қандай мамандықтарға грант көп бөлінетінін айтқан еді.

ПІКІР ЖАЗУ