“Жасыл Астана” кешенінің тұрғындары наразылық білдірді

 28 шілдеде Нұр-Сұлтанда он шақты тұрғын Министрліктер үйінің маңында наразылық өткізді. Олар ақшасын төлеп қойған тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстары әлі бітпегенін айтып, компания басшыларын жауапқа тартуды, қала әкімі Алтай Көлгіновтің де отставкасын талап етті. Айтуларынша, жарық жүйесі толық ретке келмеген тұрғын үйде тұрып жатқанына ұзақ уақыт болған.

 “Біз тұрып жатқан тұрғын үйдің подъезінде электр қуаты да жоқ. Лифт істемейді. Әрлеу жұмыстары жүргізілмеген. Паркинг те бітпеген. Көпірді уақытша деп салып берген. Ол да аяқталмады. Қашанғы күтеміз?” деді наразылардың бірі Ғалым Әлкенов. Кейбір наразылар құрылыс компаниясына төлеген ақшаның құрылыс материалдарын алуға немесе жұмысшылар жалақысын төлеуге емес, жобаға еш қатысы жоқ мақсаттарға мысалы, мал немесе ауыл шаруашылық жерлерін сатып алуға жұмсалғанына көздері жеткенін айтты.

– Біз мемлекетке қол жайған жоқпыз. Өз күшімізбен ақша жинадық. Төледік. Енбі бес баламызбен қайда барамыз? Қазіргідей қымбатшылық кезде, қазіргідей заң жұмыс істемей тұрған шақта…? – деді Роза Мұсатаева.

  Тұрғындардың айтуынша, тоғыз қабатты үш үй, жеті қабатты бір үйден құралған “Жасыл Астана” тұрғын үй кешеніне 172 адам ақша құйған. Бәрінің басындағы жағдай осы. Наразылар Ақордаға өтпек болып еді, полиция қызметкерлері оларды бөгеп, жылжытпады. Кейін әкімдік өкілдері келіп, оларды әкімдікке алып кетті.

ПІКІР ЖАЗУ