Жастардың діни сауаты: Мешіттен TikTok-қа ауысқан білім

 Қазақстан қоғамы соңғы отыз жылда діни салада түбегейлі өзгерістерді бастан кешті, деп хабарлайды BAQ.KZ Терроризмге қарсы орталыққа сілтеме жасап.

Кеңестік кезеңнің қатаң атеистік саясаты құлаған соң, діни кеңістік кенет босап қалды. Бұл бос орынды бірден әртүрлі күштер толтырды: дәстүрлі ислам институттары мен православие шіркеуі ғана емес, жаңа миссионерлік ұйымдар, трансұлттық діни қозғалыстар және интернет арқылы таралатын сан алуан ағымдар. Нәтижесінде, Қазақстан діни әртүрліліктің күрделі картасына айналды.

Ресми деректерге қарасақ, 1990 жылы елде небәрі 670 діни бірлестік болса, 2025 жылы қарай олардың саны 4000-ға жетіп қалды. Бұл сандық өсімнің сыртында сапалық өзгерістер тұр. Зерттеулер көрсеткендей, Қазақстанда жүзден аса жаңа діни ағымдар мен квази-құрылымдар белсенді. Олар өздеріне тән уағызшылар арқылы ықпалын арттырып, «ақиқат» концепциясын таратады және тұрақты қаржыландыру көздері бар.

Алайда басты қауіп – интернет. Pew Research зерттеуі көрсеткендей, 18–24 жас аралығындағы қазақстандықтардың 38 пайызы діни білімді мешіттен емес, TikTok пен Telegram-нан алады. Бір жағынан бұл буынның ізденісі мен рухани аштығын көрсетсе, екінші жағынан қауіпті тенденцияны аңғартады: дәстүрлі дін институттарының орнына цифрлық кеңістіктегі күмәнді «шейхтар» беделге ие болуда.

Осы құбылыстың салдарын байқау қиын емес. Діни сауатсыздық экстремистік идеяларға қарсы иммунитетті әлсіретіп, жастарды біржақты идеологиялық интерпретацияға тәуелді етеді. Қоғамда «таза сенушілер» және «адасқандар» деген бөлініс күшейеді. Бірі дәстүрлі исламды ұстанады, екіншісі оны «бұзылған дін» деп есептейді. Бұл поляризация әлеуметтік шиеленісті күшейтеді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы бес жылда радикалды контент көлемі 4,7 есе артқан. Оның негізгі таралу арналары – әлеуметтік желілер. TikTok-тағы қысқа бейнероликтер, Telegram-дағы жабық чаттар, WhatsApp-тағы аудиоуағыздар – бәрі де жастарға «оңай сіңетін» форматта ұсынылады. Экстремистік нармативтің басты күші де осында: ол қарапайым, қысқа, эмоцияға толы.

Қазақстан үшін бұл құбылыстың себептері көпқабатты. Біріншіден, әлеуметтік-экономикалық факторлар: жұмыссыздық, ауыл мен қала арасындағы теңсіздік, жастардың маргиналдануы. Екіншіден, мәдени құндылықтардың әлсіреуі: отбасы институтындағы дағдарыс, дәстүрлі әдет-ғұрыптарға деген қызығушылықтың төмендеуі. Үшіншіден, жаһандық геосаяси факторлар: Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы тұрақсыздық, сырттан келетін уағызшылардың ықпалы.

Бұның бәрі жаңа буынның санасын өзгертуде. Олар өзін «қазақстандық мұсылман» емес, «ғаламдық умманың» бір бөлігі ретінде сезінуге бейім. Мұндай идентификация елдегі конфессияаралық келісімге, зайырлы модельге сын-қатер туғызады.

Сарапшылардың айтуынша, біз қазір радикалданудың екінші толқынын бақылап отырмыз. Біріншісі – тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында, дәстүрлі діннен алыстаған бос кеңістікте пайда болды. Екіншісі – цифрлық дәуірдің жемісі. TikTok-дін, Telegram-уағыз және YouTube-шейхтар дәстүрлі мешіт пен діни басқарманың бәсекелесіне айналды.

Бұл толқынды тоқтату оңай емес. Жабу, тыйым салу – уақытша шешім ғана. Негізгі жауап – балама мазмұн. Егер жастарға сенімді, тартымды және заманауи тілде ұсынылған рухани дискурс берілмесе, «экстремистік фаст-фуд» олардың санасында үстемдік құра береді.