Жасөспірімдер тәртібі шұғыл қаралды

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов 2024 жылды «Профилактика жылы» деп атап, жеке құрамға қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейтіп, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Осы ретте Келес аудандық полиция бөлімі құзырлы органдармен бірлесіп, маңызы зор кездесу өткізді. Жиынға ақсақалдар, жергілікті тұрғындар, мектеп ұжымы мен оқушылар, ата-аналар, аудан аумағында орналасқан ойын-сауық мекемелерінің иелері қатысты.

Кездесу барысында полиция, прокуратура басшылығы, ауыл ақсақалдары мен ұстаздар сөз сөйлеп, жастарды қолдау, идеологиялық шараларды күшейтуге ат салысуға шақырды. Сондай-ақ ақысыз спорт секцияларын көбейту, жастарды еңбекке баулып, қоғамдық жұмыстарға тарту бағыттарын ортаға салды. Осы мәселелерді қолға алып, бірлесе қызмет етуге уағдаласты.

Жалпы аудандық полицияның статистикалық мәліметтеріне тоқталсақ, кәмелетке толмағандарға қатысты 3 құқық бұзушылық тіркеліп, 2 жанұя жайсыз отбасы есебіне алынған. 30-дан астам жасөспірім тізімдік есепке алып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ Келес ауданында тәртіп сақшылары 30-ға жуық қоғамдық көмекшілермен бірге түнгі рейдтік іс-шараларды ұйымдастырып, алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізуде.

Жиын соңында «Тәртіпке бас иген құл болмайды» ұранымен қорытынды жасалып, жасөспірімдерге салауатты өмір салтын ұстанып, тек жақсы қасиеттерді бойға сіңіру керектігі айтылды.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ