“Жасанды интеллект тек пайда әкелмейді”: Мамандар цифрлық қауіптің артуы туралы ескерту жасады

Жасанды интеллектінің дамуы жаңа мүмкіндіктер ашқанымен қауіп-қатерлерді де күшейтеді. Кибералаяқтық пен деректердің таралуынан тек компаниялар ғана емес, қарапайым қолданушылар да зардап шегіп отыр. Бұл үшінші Qazaqstan IGF 2025: Интернетті басқару жөніндегі ұлттық форумда ақпараттық қауіпсіздік сарапшылары талқылады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің жеке деректерді қорғау басқармасының басшысы Ырысты Жәлелханованың айтуынша, кибершабуылдар саны өсіп, қаскөйлердің әдістері барған сайын күрделене түскен.

Бүгінде фишингтік шабуылдардың көбі WhatsApp және Telegram арқылы келеді. Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жаңа тәуекелдерді де әкелуде. Біз тек ұйымдардың өз жүйелеріне ғана емес, олардың серіктестері мен қызметкерлеріне де әсер ететін жеткізу тізбегіне бағытталған шабуылдарды байқап отырмыз, – деді ол.

Оның айтуынша, ең қауіпті тенденциялардың қатарында шифрлайтын вирустардың және ЖИ арқылы жасалған дипфейктердің көбеюі бар.

Жасанды интеллектінің екі қыры бар: ол прогреске ықпал етеді, бірақ сонымен бірге жаңа қауіптерді тудырады. Киберқауіпсіздік – бұл тек мемлекеттің міндеті емес, бизнес пен азаматтардың да ортақ жауапкершілігі, – деп атап өтті Жәлелханова.

Сондай-ақ ол соңғы бес жылда eGov Mobile қосымшасын қолданушылар саны 20 есе өскенін, ал мемлекеттік жүйелермен интеграция деңгейі 7 есе артқанын айтты. Алайда ескі инфрақұрылым деректер көлемінің өсуіне әрдайым төтеп бере алмайды.

Электрондық үкімет нысандарын күшейтілген қорғанысы бар деректерді өңдеу орталықтарына көшірудеміз. Жүйелерге аудит жүргізіп, осал тұстарын жою жоспарын жасадық. Жақында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірінші басшылардың жеке жауапкершілігін бекітетін өзгерістер енгізілді, – деді ол.

Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі МФЦА комитетінің қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл департаментінің аға офицері Нұрлан Адалиев адам факторының ең әлсіз буын болып қалғанын атап өтті.

Фишинг пен әлеуметтік инженерия – ең көп тараған шабуыл түрлері. Мысалы, ақпандағы Aibit криптобиржасына жасалған шабуыл. Бастапқыда оны техникалық ақау деп ойлады, бірақ тергеу оның мұқият дайындалған әлеуметтік инженерия болғанын көрсетті. Ең заманауи шешімдер де көмектеспейді, егер қызметкерлер сақтықты жоғалтса, – деді ол.

Адалиев сонымен бірге ЖИ-ді жауапкершілікпен қолдануға шақырды.

Жасанды интеллект рутинаны жеңілдетеді, бірақ нәтиже үшін жауапкершілік адамда. Футурист Брэд Кинг айтқандай, алдағы жылдары екі түрлі адам болады – ЖИ қолданатындар және оны қолданбағандықтан жұмыссыз қалғандар, – деді ол.

Сарапшылардың пікірінше, елде тек инфрақұрылым деңгейінде киберқорғанысты күшейтіп қана қоймай, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру қажет. Өйткені дәл пайдаланушылардың сақтығы мен хабардарлығы – жасанды интеллект дәуіріндегі және өсіп келе жатқан цифрлық қауіптер заманындағы басты қорғаныс сызығы болып саналады.