“Жар іздеймін”. Психолог интернетте жар іздейтіндерге неге мән беру керегін айтты

 Соңғы кездері жастар арасында ерекше “жар іздеу” тренді пайда болды. Психолог Серікгүл Сәли әлеуметтік желіні танысу алаңына айналдыру дұрыс үрдіс деп есептейді. Психолог жастар болашақ жұбымен интернет арқылы сөйлескенде сөз саптауына қарап, ішкі дүниесін көре алатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Threads әлеуметтік желісіне кіре қалсаңыз, өзіне жар іздеп, хабарландыру жазған қыз-жігіттерді жиі кездестіресіз. Олар өздерін таныстырып, болашақ жарына қоятын талаптарын да ашық білдіріп жүр.

Психолог Серікгүл Сәлиден әлеуметтік желі арқылы таныстықтың қалай пайда болғаны жайлы пікірін айтты.

Қазір жастардың танысып, отбасын құру аймағы өзгерді. Мысалы, бұрын жастар би алаңында билеп жүріп танысып, көңіл жарастыратын. Ал қазір мұндай би алаңдары түнгі клубқа айналып кетті. Сол себепті қазір жастар танысып, жұбын табатын алаңдар жоқ. Мұндай алаңды әлеуметтік орта құрып беріп отыруы керек еді. Бірақ кейін интернет келгендіктен, жастар әлеуметтік желілер арқылы танысу алаңын жасады. Ол – өте жақсы танысу алаңы. Жалпы хат жазу, ол арқылы бір-біріне сезімін білдіру – танысуға арналған өте әдемі жанр, – дейді психолог. 

Оның сөзінше, әлеуметтік желі – сезімді түрлі эмоция арқылы білдіре алатын ерекше алаң.

Бірақ бұл алаңды теріс ниетті адамдар өзінің пайдасын ойлап, жеңіл көңіл қосу мақсатында жеңілжүрістілік, жауапкершілігі жоқ танысу алаңына айналдырғандықтан, оның беделі төмен болып тұр. Сондықтан әлеуметтік желіде таза ойы бар, шынайы қарым-қатынасты қалайтын адамдар аз. Сол себепті осы аймақтың дәрежесі құлдырап кетті. Бір-бірімен танысып, сөйлесіп, түсінісіп көруге жақсы алаң.

Мұндай әдістің артықшылығы мен қауіптері қандай деген сұраққа айтарым мынау: жалпы жастарға әңгіме жетіспейді. Сондықтан олар әлеуметтік желіде сөйлесіп, басынан өткен оқиғаларын, сырларын, құпияларын бөліседі. Әңгімелесу қаншалықты тереңдесе, олардың арасында эмоциялық байланыс та соншалықты нығаяды. Бұл алаң жастарға бір-бірін тануға, рухани тұрғыда немесе интеллектуалды жағынан қаншалықты сәйкес келетінін байқауға мүмкіндік береді.

“Жазған сөзіне қарап, адамның қандай екенін байқауға болады.”

Мәселен, жазған сөзіне қарап, адамның сауатты не сауатсыз екенін, ойын қаншалықты әдемі әрі жинақы жеткізе алатынын байқауға болады. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік желі – танысуға өте жақсы алаң. Бас-аяғы жоқ сәтсіз тәжірибелерге қарағанда, адамдарды осылайша алдын ала танып-білу пайдалы, – дейді психолог.

Оның сөзінше, желі арқылы таныстықтың артықшылықтары көп болғанымен, кемшіліктері де бар. Бұл алаңды жеңіл жүрісті немесе арам ойлы адамдар пайдаланып, бір күндік құмарын қандыру үшін кіріп отырғандар да бар. Солардың кесірінен әлеуметтік желілердің беделі түсіп кеткен. Дегенмен қазір бұл орта біртіндеп тазаланып, жақсы бағытқа қарай бет алып келеді. 

Қауіптері де аз емес: мұнда альфонстар мен арам пиғылды адамдар да кездеседі. Олар өз пайдасын көздеп, жалған қарым-қатынас құрып, алдап, ақша жымқырып немесе жасанды сезім тудырып, түрлі әрекеттерге барады. Яғни аңқау адам кез келген жерде алданып қалуы мүмкін. Сондықтан тәжірибе жинап, сақ болу қажет. 

Бұл тренд жастардың жалғыздық мәселесімен де байланысты. Біз мемлекет, қоғам ретінде жастарға арнайы танысу алаңын құрып берген жоқпыз. Сондықтан олар интернетті таңдады.

Ал ашық түрде “жар іздеймін” деп жариялау – психологиялық тұрғыдан ешқандай зиянды із қалдырмайды, керісінше пайдалы. Бұрын да жігіттер “қыз іздеп жүрмін” деп айтатын. Қазір ол жай ғана әлеуметтік желіге көшті. Бұл – дұрыс қадам. Себебі қазір көптеген жастар үйлене алмай, уақыт өткізіп алып жатыр. Сондықтан әлеуметтік желі арқылы танысып, жар іздеудің еш әбестігі жоқ, – деп санайды Серікгүл Сәли.

Ең бастысы – адам өзіне лайық жарын табу үшін сөз саптауына, ойды жеткізуіне мән беруі керек. Бұл оның ішкі дүниесінің қалыптасуын көрсетеді. Сондықтан мен әлеуметтік желі арқылы танысуды құптаймын, ол өте жақсы тәсіл.