Жаңа төлем жүйесі: Зиянды еңбек жағдайында істейтіндерге не өзгерді?

 Зиянды еңбек жағдайында кемінде 7 жыл жұмыс істегендерге арнайы төлем енгізілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жүйеге енгізілген өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, 2024 жылдан бастап 55 жасқа толған және кемінде 7 жыл бойы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген қызметкерлер үшін арнайы әлеуметтік төлемдер енгізілген.

Бұған қоса, өндірісте зардап шеккен азаматтар үшін жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі (ЖОМС) қайта жаңартылып жатыр, – деді министр. Жақыпованың айтуынша, алдағы уақытта ЖОМС жүйесіне маңызды өзгерістер енгізіледі.

Жаңа тәсіл бойынша сақтандыру тарифтері екі компоненттен тұрады:

-Қызмет саласы,
-Кәсіпорындағы нақты еңбек жағдайы.

Яғни, еңбек қауіпсіздігіне инвестиция салатын жұмыс берушілер үшін тариф төмен болады, ал қауіпсіздік шараларын елемейтіндер жоғары төлем төлейді. Бұл – әділ әрі қауіпсіздікті күшейтуге арналған шешім, – деді министр.

Сонымен қатар, министр ЖОМС жүйесін Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен біріктіре отырып, толық цифрландыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл қадам төлем рәсімін жеңілдетіп, процесті ашық әрі жылдам етуге мүмкіндік береді. Еске салсақ, осыған дейін министр жалақы биыл тағы көтеріле ме деген сұраққа жауап берген болатын.