Жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға жұмылудамыз
«AMANAT» партиясы өз ішіндегі жұмыс тәсілдерін жетілдіре отырып, билік, партия мен азаматтық қоғам арасындағы жан-жақты диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Осы міндет аясында партияның Түркістан облыстық филиалы жанынан және аудан, қалалардағы партия филиалдарында түрлі салалық бағыттарды қамтитын кеңестер құрылған. Қоғамдық негізде әрекет ететін, консультативтік-кеңесші органдар сипатында жұмыс жүргізетін бұл құрылымдар партия айқындаған стратегиялық міндеттерді, партияның өңірік филиалы белгілеген меже-міндеттерді іске асыруға жәрдемдесіп, партиялық қызметтің жұмыс нәтижелерінің тиімділігін арттыруға көмек береді.
Партияның өңірлік филиалының Саяси кеңес бюросында жыл басынан бері күннің өзекті мәселелері бойынша облыстық құрылыс, білім, ауылшаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармалары басшыларының, «Қазсушар», «Тұран су», «Қазавтожол» еншілес ұйымдары жетекшілерінің, Кентау қаласы әкімінің есептері тыңдалып, жұмыс көрсеткіштері талқыланды. Осы мекемелердің қызметтік функциясына кіретін мәселелер бойынша облыс тұрғындарынан түсіп жатқан шағымдар мен талаптар таразыланды, көңіл бөлінуі тиіс мәселелер бойынша ұсыныстар қабылданды, бірқатар мәселелер партиялық бақылауға алынды.
Осы кезең ішінде Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның үш отырысы өтті. Депутаттық корпустағы аманаттық өкілдер партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы тармақтарының орындалуын қарастырды, «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын жүзеге асырудағы өзекті мәселелерді, көктемгі кезеңде нөсерлі жаңбырдан су басу қауіпі бар аймақтардың төтенше жағдайға дайындығын, дала өртінің алдын алу жұмыстарының барысын, егістік алқаптарын шегірткеден қорғау жұмыстарын, Сырдария өзені бойында шіркей дернәсілдеріне қарсы күрес жүргізу мәселелерін талқылады. Жұмыс жиындарында сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, жер қатынастары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары басшыларының, облыстық мемлекеттік кірістер, төтенше жағдайлар департаменттері басшылық құрамының, Сауран, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандары әкімдерінің есептері тыңдалып, сайлаушыларымыз білдірген сұраныстар бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Партияның өңірлік филиалы мен аудан, қалалардағы партия филиалдары жанындағы кеңестердің барлығы 69 отырысы өтті. Партиялық алаңда өткен жұмыс жиындарында Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасы тармақтарының орындалуы бойынша 135 мәселе жан-жақты қарастырылды. Олардың қорытындысымен салалық басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне партия айқындаған басымдықтар бойынша 280 ұсыныс берілді. Партияның назарына алынған мәселелердің 107-сі нақты орындалып, 173-нің орындалуы басшылыққа алынған. Партияның өңірлік филиалы аталған кеңестер тарапынан берілген ұсыныстардың орындалуын тұрақты назарына алып, жүйелі қоғамдық бақылауда ұстап отыр.
Аманаттық өкілдер орындаушылық тәртіпті күшейту арқылы жұртшылықтың партияға деген сенімінің жоғары болуын үйлестіріп, қоғамдық қатынаста жаңа саяси мәдениеттің орнығуына күш біріктіруде.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі