Жаңа рекорд: Жетісуда бір мезгілде 50 баланың тұсауы кесілді
Бүгін Наурызнаманың Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Талдықорғандағы «Жастар» Спорт сарайында бір мезетте 50 сәбидің тұсауы қатар кесілді. Сәбилердің тұсауын өңірдегі ардагерлер, мәдениет, өнер, әдебиет және журналистика саласының қайраткерлері, атақты спортшылар, білікті дәрігерлер мен ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер т.б көпке танымал беделді азаматтар кесті. Бұл шара осындай ауқымда елімізде алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. Тұсау кесу рәсіміне облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ұлттық дәстүр шарасы алдымен бүлдіршіндерге бата берумен басталды. Осы рәсімге арнайы келген «КИнЭС» Рекордтарды тіркеу департаментінің директоры Бақытжан Тастүлеков елімізде осындай ауқымдағы тұсаукесер алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтіп: «Осыған орай 50 баланың бір мезетте бірдей тұсаукесері өткізілгені жайлы фактінің Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілгенін растайтын сертификат табыстаймын. Балалардың жолы ашық болсын!» деп тілегін білдіріп, облыстық қоғамдық даму басқармасына арнайы сертификатпен бірге Қазақстанның рекордтар кітабының соңғы шығарылымын сыйға тартты. Осы күні алғашқы тәй-тәй қадамын жасаған балалардың ішінде талдықорғандық ұстаздар отбасы Нұржан Қамиев пен Гүлнұр Дәуренбекованың да кішкентай сәбиі бар.
– Бір жасар баламызды бүгін осы айтулы шараға арнайы алып келдік. Екі қыздан кейін дүниеге келген ұлымызға Мұрагер деп ат қойғанбыз. Мұрагеріміз Талдықорған қаласындағы №14 балабақшаның «Балапан» тобына барып жүр. Наурыздың онкүндігі аясында осы үлкен ауқымдағы тұсаукесерде сәбиіміздің өмірге алғаш қадам жасағынын жақсы ырымға балаймыз. Ұлымыздың алдағы жолы ашық, болашағы жарқын болады деп сенеміз. Наурызды осылай он күн бойы ұлттық мазмұнда атап өту бастамасын қолдаймыз. Барша жұртшылықты Наурыз мерекемінен құттықтаймыз, – деді қуаныштан толқыған ата-ана.
Жалпы тұсаукесер – баланың өмірдегі жолы жеңіл және жарқын болуы үшін атқарылатын рәсім. Тұсауы кесілген кішкентай бала тез аяққа тұрып, үлкен өмірге нық қадам жасайды деп ырымдалады.