Жаңа мешіт – ел игілігінде

 Өткен аптада Мичурин ауылдық округіне қарасты Көксағыз (Каучук) ауылындағы жаңадан пайдалануға берілген «Айтбай ата» мешітінің салтанатты ашылуы болды. Аудан тұрғындары мен Түлкібасқа арнайы ат басын бұрған республикамыздың әр түкпірінен келген сыйлы қонақтары шағын елді мекендегі қазіргі заманауи үлгіде салынған әдемі де көрікті мешіттің ашылу салтанатына куә болды. Бұл имандылық ордасы Шерхан Мұртаза атындағы ВАКФ қайырымдылық қорының тапсырысы бойынша Састөбе цемент зауытының демеушілігімен 2022 жылы сәуір айының бірінші жұлдызында басталып, қараша айының 25 жұлдызы күні пайдалануға берілді. Мешіттің салтанатты ашылуында осы құрылысты жүргізген мекеменің басшылары, ауыл ақсақалдары, Ш.Мұртаза атындағы ВАКФ қайырымдылық қорының төрағасы Қайрат Айтбай, аудандық мәслихаттың хатшысы Сәдуақас Сейсенбаев,  аудандық мешіттің бас имамы М.Серікұлы құттықтау сөз сөйледі. Ауыл тұрғындары көптен бері мешіт салуды армандап жүргенде қайырымдылықтың ерен үлгісін танытып, ел тілегіне құлақ асқан Ш.Мұртаза атындағы ВАКФ қайырымдылық қорының төрағасы Қайрат Айтбайға ризашылық сезімдерін жеткізіп, халықтың ежелден келе жатқан дәстүрімен қайырымды жанның иығына шапан жапты. Одан әрі жаңа мешіттің салтанатты лентасы қиылып, шашу шашылды. 92 жастағы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлының аталық ақ батасына қол жайған көпшілік жаңа ғимараттың ішіне кіріп, жұма намазға жығылды. Одан әрі сөз зергері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған іс-шара Түлкібас кентіндегі Барлыбай тойханасында жалғасын тауып, Шерхан ағамыздың рухына Құран оқылып, қонақтарға ас таратылды. 

Орынтай КӨМЕКОВ.

ПІКІР ЖАЗУ