Жаңа Конституцияда адам капиталына басымдық беріледі – Нартай Аралбайұлы

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы туралы пікір білдіріп, оның елдегі саяси өзгерістердің заңды жалғасы екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы Ата заң қабылданып, қызмет еткеніне 30 жыл толды. Уақыт талабына сай жаңа өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап, соның нәтижесінде жаңа Конституция жобасы әзірленген.
Жаңа Конституция апталап емес, айлап талқыланды. Алты ай бойы ел азаматтары әр түзетуді, әр бапты талқылап, өз ұсыныстарын білдірді. Тікелей эфирлер арқылы да халықтың көптеген пікірі ескерілді, – деді Нартай Аралбайұлы.
Оның айтуынша, жаңа құжатты әзірлеуге әр саладан 130 маман кірген. Ал кеңес беріп, ұсыныс айтқан заңгерлер мен сарапшылардың саны мыңға жуықтаған.
Депутат бұрынғы Конституцияны небәрі 12 адам жазғанын, оның ішінде үш шетелдік сарапшы болғанын атап өтті. Ал қазіргі ұсынылып отырған жаңа Ата заң кең ауқымда талқыланып, жан-жақты сараптамадан өткен құжат екенін айтты.
Нартай Аралбайұлы жаңа Конституцияны «халықтық Ата заң» деп атауға толық негіз бар екенін жеткізді. Оның пікірінше, бұл құжат елдегі саяси жаңғырудың маңызды кезеңін көрсетеді.
Жаңа Конституция – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси өзгерістердің логикалық түйіні. Онда әділетті мемлекет құру, заң мен тәртіп қағидатын күшейту, адам құқықтарын қорғау және билік институттарын жаңғырту секілді маңызды бастамалар көрініс тапқан, – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияны түсіндіру үшін халықпен кездесулер ұйымдастырылған. Ол «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асқан «Халық сөзі» жобасы аясында ел өңірлерін аралағанын айтты.
Автобуспен елдің барлық аймағын аралап шықтым. 17 облыс пен үш республикалық маңызы бар қаланың тұрғындарымен кездестік. Жаңа Конституция жобасын түсіндіріп, халықтың пікірін тыңдадық, – деді Нартай Аралбайұлы.
Кездесулер барысында азаматтар бірқатар ұсыныс білдіріп, бірнеше бапқа қатысты пікірлер айтқан. Депутат олардың бір бөлігін Мәжіліс мінберінде көтергенін жеткізді.
Ол жаңа Конституция жобасында адам капиталына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Құжатта білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде белгіленген.
Конституцияның жаңа мәтінінде адам капиталы, білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп көрсетілген. Бұл ғылым мен білім саласының дамуына серпін береді деп сенемін, – деді депутат.
Сонымен қатар жаңа редакцияда қос азаматтыққа қатысты талаптар нақты көрсетілген. Жобаға сәйкес, Қазақстан азаматтарының басқа мемлекеттің азаматтығын иеленуіне жол берілмейді, ал өзге елдің азаматтығын алу Қазақстан азаматтығын тоқтатуға негіз болады.
Депутат мұндай норма ұлттық қауіпсіздік пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
Нартай Аралбайұлының айтуынша, жаңа Конституция жобасында Парламенттің рөлі де күшейтіледі. Бұрынғы президенттік квота мен тағайындалатын депутаттар институты жойылады.
Бұл ықпалды Парламент қағидатын нығайтуға бағытталған. Ең бастысы – бұл бастаманы Мемлекет басшысы өзі ұсынды, – деді ол.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда ұлттық валюта – теңгенің мәртебесі бекітіледі. Құжатта ұлттық валютаның атауы екі тілде де «теңге» деп көрсетіліп, оны шығарудың айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі екені жазылған.
Депутаттың айтуынша, бұл норма «параллель валюта» немесе басқа валютаға көшу туралы ұсыныстарға құқықтық шектеу қояды.
Тағы бір маңызды өзгеріс – Конституцияға түзетулер енгізу тәртібінің күшейтілуі. Енді Ата заңға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданады.
Ең бастысы, жаңа Конституцияда “мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы” деп нақты жазылған. Яғни биліктің негізі – халық, – деді Нартай Аралбайұлы.
Депутат жаңа Конституция ел мүддесіне қызмет етіп, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашады деген сенім білдірді.




