Жамбыл облысында жол апатынан көз жұмған жеткіншектер көбейген
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Биыл Жамбыл облысында 7 айда облыс аумағында болған жол-көлік оқиғаларының саны 35,9 пайызға төмендегенімен, жасөспірімдер мен балалардың жол апатынан көз жұму дерегі азаймай тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде жасөспірімдер мінген көліктің жол апатына ұшырауы 27,4 пайызға, жарақат алғандар балалар саны 33,5 пайызға, ал қаза тапқан жеткіншектер қатары 46,2 пайызға артқан.
Ал жалпы жол апатынан қаза болғандар саны 18 пайызға, жарақат алғандар 39 пайызға төмендеген. Бұл туралы Полиция департаменті ЖПҚБ жол жүрісін қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы-полиция подполковнигі Болат Ізбасаров журналистермен өткен брифингте мәлімдеді.
«Биыл республикалық маңыздағы автожолда 37 жол-көлік оқиғасы болып, 6 жасөспірім қаза тапты және 52 жасөспірім дене жарақатын алды. Ал жергілікті маңыздағы автожолда 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 8 жасөспірім қаза болды және 11 жасөспірім дене жарақатын алды. Көше жол желісінде 128 жол апаты болып, онда 5 жасөспірім көз жұмды және 149 жасөспірім дене жарақатын алды», – деді Болат Ізбасаров.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында микроавтобус жанып кеткенін хабарлаған болатынбыз.