Жамбыл: мәдениет күні Қордайда сән-салтанатымен өтті

Биыл Қордай ауданына 95 жыл. Аудан тұрғындары айтулы мерекені “Мәдениет – асыл қазынам” атты мәдениет күніне орайластыра атап өтті.

Қонағы мен көрерменін тәнті етіп, талай адамды тамсандырған келелі шараны облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, сондай-ақ бір топ зиялы қауым өкілдері бірге тамашалады.

Мерекелік шарада киіз үйлер тігіліп, үлкен сахна қойылды. Халық серуені мен мерекелік сауда-саттыққа да орын берілді.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, спорттық шаралар, тақырыптық көрмелер мен концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды.

Ежелден сәйгүлікті жанына серік еткен халқымыздың атқа міну мәдениеті де тысқары қалмай, ат әбзелдерін таныстыру рәсімі өтті. Сонымен бірге қордайлық “Азия атбегілері” тобы аттың құлағында ойнап, көрермен көңілін бір серпілтті.

 Думанды шоу барысында Қордайдан шыққан өнер жұлдыздары: Мұрат Құсайынов, Саят Медеуов, Мақсат Базарбай және аудан өнерпаздары өнер көрсетті.

ПІКІР ЖАЗУ