Жалпыұлттық диалогтың жарқын үлгісі

АЭС салу жөніндегі жалпыхалықтық референдумның алдын ала қорытындысы жарияланғаны белгілі. Осы деректерге сәйкес, республика бойынша 7 млн 820 мың 918 адам немесе референдумда дауыс беруге құқылы азаматтардың 63,87 пайызы таңдау жасаған. Аймақтар бойынша Түркістан облысы ең белсенді үштіктің қатарына еніп, дауыс берушілердің 75,31 пайызы таңдау құқығын пайдаланған.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша 945 референдум учаскесі өз жұмысын атқарды. Осы учаскелерде дауыс беру құқығына ие 1 млн. 180 мыңнан астам азамат тіркеуге алынған болатын. Азаматтардың дауыс беру құқықтарының сақталуын қоғамдық бақылауда ҚР Орталық референдум комиссиясынан 13 республикалық қоғамдық бірлестік, Түркістан облыстық аумақтық референдум комиссиясынан 32 қоғамдық бірлестік аккредитациядан өткен еді.

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында елімізде өткен референдум бойынша Exit poll нәтижесі жарияланды. «СОЦИС-А» «Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» жеке қоры жүргізген exit-poll нәтижелеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 69,8%-ы Қазақстанда АЭС салуға дауыс бергені және азаматтардың 30,2%-ы бұл мәселеге келіспейтіндері туралы айтқаны мәлімделді. Ал, «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнама бойынша дауыс бергендердің 72,3%-ы «иә» деп таңдау жасағандары, 27,7%-ы «жоқ» деп дауыс бергендері белгілі болды. Айта кету керек, Республикалық референдум өткізілген күні дауыс беруге арналған учаскелерден шығуда exit-poll әдістемесі бойынша азаматтардың ерік білдіру нәтижелерінің алдын ала есебін жүргізуде сауалнама жүргізілген болатын.

Жалпыхалықтық референдум барысын заң аясында өтуін қадағалауда қоғамдық ұйымдар тарапынан тіркелген бақылаушылар қоғамдық маңызы бар мәселе бойынша өткізілген бұқаралық таңдау сәті заң аясында, азаматтарға теңдей құқықтар беру нәтижесінде жүзеге асқанын айтуда. Негізгі мемлекеттік шешімнің қабылдануында тұрғындарымыз ауызбіршіліктің жоғары үлгісін көрсетіп, елдік істі жұмыла атқара білгендігін атап көрсетті. Бірқатар сарапшылар елімізде шын мәнінде жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатқанын айта отырып, референдум жалпыұлттық диалогтың жарқын көрінісі болғандығын жария етті.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ