Жайық өзенінің бойында орналасқан елді мекендерді су басу қауіп төніп тұр – Қазгидромет

 Қазгидромет өкілі Батыс Қазақстан облысындағы ағымдағы су тасқыны жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Қазгидромет» РМК  баспасөз хатшысы Алина Исмагулованың хабарлауынша, Облыстың ішкі өзендерінің басым бөлігінде су тасуының шыңы өтті. 21 сәуірдегі сағат 12.00-дегі жағдай бойынша Жайық өзені – Орал қаласы гидрологиялық бекетінде су деңгейі  854 см, қауіпті деңгей 850 см құрайды. Сағат 08:00-де Иреклі су қоймасынан су тасталымы 294 м3/с құрады.

Жайық өзені ағынының 50%-ын  құрайтын саласы – Сакмара өзенін де ескерген жөн. Бүгін сағат 08.00-дегі жағдай бойынша Сакмара өзені-татар Каргала гидрологиялық бекетінде су деңгейі 877 см (қауіпті деңгейі – 860 см.) құрайды және тәулікіне су деңгейінің өзгеруі – 9 см.

Жайық өзені – Орал қаласы гидрологиялық бекетінің қауіпті деңгейі 850 см құрайды, одан асқан жағдайда Шаған өзеніне кері ағу әсері бақылануы мүмкін, бұл Орал қаласындағы саяжайларды су басуға алып келеді.  Сондай-ақ Жайық өзенінің бойында орналасқан Бөрлі, Бәйтерек, Теректі, Ақжайық өңірлеріндегі елді мекендерді  де су басу қауіп төніп тұр, – деді спикер ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Батыс Қазақстан облысында 23, 25 сәуірде күндіз, 26 сәуір тәулікте жаңбыр жауады деп болжануда. Ауа температурасының түнде 12-17 градустан 4-9 градусқа дейін төмендеуі, кезеңнің соңында аздап 7-12 градусқа дейін көтерілуі ықтимал.

ПІКІР ЖАЗУ