Жаһандық жылыну әйелдер денсаулығына кері әсерін тигізуде

  •  Жаһандық жылыну әйелдер арасында қатерлі ісіктің көбеюіне себеп болуы мүмкін. Бұл туралы independent жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
  • Зерттеу авторлары әйелдердің денсаулығы “физиологиялық тұрғыдан осалдау” екенін ескертеді. Жаңа зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Жер шарының ең ыстық аймақтарындағы температураның көтерілуі әйелдерде қатерлі ісіктерге шалдығу қаупін арттырған.
  • Ғалымдар Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың 17 еліндегі қатерлі ісікке қатысты үрдістерді зерттеген. Мамандар климат дағдарысына байланысты температура артқан сайын әйелдерге әсер ететін төрт негізгі қатерлі ісік түрін байқаған. Ол сүт безі, аналық без, жатыр және жатыр мойны обырлары.
  • 1998 бен 2019 жылдар аралығындағы әрбір 1 градус Цельсийге артқан температура бұл обыр түрлерінің таралуы мен өлім-жітім көрсеткішінің статистикалық тұрғыда едәуір өсуімен байланысты болған.
  • Температура көтерілген сайын әйелдер арасындағы қатерлі ісіктен өлім-жітім де артады. Әсіресе аналық без бен сүт безі қатерлі ісіктері. Температураның әрбір градусқа көтерілуімен болатын өсім мардымсыз көрінгенімен, оның қоғамдық денсаулыққа келтіретін жиынтық әсері айтарлықтай, – деді зерттеу жетекшісі, Каирдегі Америкалық университеттің докторы Вафа Абуэльхейр Матариа.
  • Жаһандық жылынуға байланысты аналық без қатерлі ісігінің көбею қарқыны ең жоғары болса, жатыр мойны обырының өсімі ең төмен көрсеткіш болған. Ал сүт безі қатерлі ісігі ең жиі кездескен. Бірақ аурудың 4 түрі бойынша да таралу және өлім-жітім деңгейі артқаны анықталған. Температурамен байланысты ең күшті өсім Қатар, Бахрейн, Иордания, Сауд Арабиясы, Сирия және БАӘ елдерінде байқалған. Мәселен, Қатарда температура әрбір градусқа артқанда 100 000 әйелге шаққанда сүт безі қатерлі ісігінің көрсеткіші 560 жағдайға өскен. Бахрейнде бұл көрсеткіш 330 болған.
  • Біз жан басына шаққандағы жалпы ішкі өлім көрсеткішін есепке алдық. Дегенмен олардың денсаулығына өлшенбеген өзге де факторлар әсер етуі мүмкін, – деді доктор Матариа.
  • Зерттеу тікелей себеп-салдар байланысын дәлелдемесе де, климат дағдарысы әлемдік денсаулық сақтау жүгін ауырлатып жатқанын көрсететін дәлелдердің қатарын толықтырады. 
  • Температураның көтерілуі қатерлі ісікке бірнеше жолмен әсер етуі мүмкін. Бұл канцерогендерге ұшырауды арттырады, денсаулық сақтау қызметін бұзады және тіпті жасушалық деңгейдегі биологиялық процестерге де әсер етуі мүмкін. Бұл тетіктердің барлығы уақыт өте келе қатерлі ісікке шалдығу қаупін ұлғайтады, – деп түсіндірді доктор Чун.