Ж.Ералиев ауылдық округінде сапалы ауыз судың мәселесі шешілуде
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті жерлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарымен тұрғындардың хабардар болуын, билік органдарының беделін арттыруға, халықты толғандыратын проблемалық мәселелердің шешілу жолдары мен мерзімдерін бірігіп талқылауға арналған Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлының кезекті кездесуі Ж.Ералиев ауылдық округінде өтті.
Аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшыларының, құзырлы орган өкілдері мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен өткен жиында Ж.Ералиев ауылдық округін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу, ескірген электр бағаналарын жаңарту бағыттары бойынша жұмыстарды күшейту, өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу, округтің инфрақұрылымын дамыту мәселелері баса айтылды. Атқарылған жұмыстар сараланып, өзекті мәселелердің шешу жолдары ұсынылды. Аудан басшысы бұған дейінгі кездесулерде айтылған мәселелердің орындалуы барысымен таныстырды.
Нақтырақ айтар болсақ, Көктөбе елді мекеніне фельдшерлік-акушерлік пункт және Бәйтерек елді мекеніне дәрігерлік-амбулатория салу жұмыстары бойынша сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасына тапсырылса, «STROYCORP» ЖШС 2022 жылғы шілде айында берген техникалық қорытындысына сәйкес апатты жағдайда деп танылған Ә.Қастеев атындағы №46 жалпы орта мектебінің құрылысын жүргізу бойынша Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына арнайы хат жолданған.
Арай, Абай, Сейфуллин, Жетіқазына, Үтіртөбе, Көктөбе, Бәйтерек, Ғ.Мұратбаев елді мекендерінің жаңадан түскен көшелеріне электр желілерін жүргізу және жинақталған трансформаторлы қосалқы станциясын орнату үшін 2022 жылға аудандық бюджеттен 500 мың теңге қаржы бөлініп, жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң, құрылысына бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсыныс берілетін болады.
«Облыстық маңызы бар КХ-75 «Мақталы-Асықата» автомобиль жолы Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгерімінде. Аталған автомобиль жолының бойына жарықтандыру шамдарын орнату үшін сметалық құжаттамасы жасалынып, қажетті қаржы көлемі анықталған. Жалпы ұзындығы 1,9 шақырымды құрайтын жолдың құрылыс құны 10,5 млн теңге.
Ұзындығы 4,8 шақырымдық К-30-ІVА каналын қайта қалпына келтіру жобасы аясында «Қазсушар» РМК күшімен каналдың 1,1 шақырымы бөлігі бетондалмақ.
Жүргізілген тиісті жұмысьардың нәтижесінде округтегі Жетіқазына елді мекеніне су беруші мекеме тарапынан «Омега» су тазартқыш қондырғысы орнатылып, іске қосылса, Арай, Абай елді мекендерінде жалпы ұзындығы 17,76 шақырымды құрайтын 23 ішкі көшелерді «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша орташа жөндеуден өткізу мақсатында республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржыландыруға ұсынылған.
Одан бөлек, Сейфуллин, Бәйтерек, Абай, Жетіқазына, Ғ.Мұратбаев елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында да тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сейфуллин елді мекені тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауыз су жүйелерін қайта құру үшін қажетті қаражаттар қарастырылып, ЖСҚ жобасы сараптамаға ұсынылған. Жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң, бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсынылатын болады. Арай елді мекеніндегі ауыз су ұңғымасының дебеті жоқ. Елді мекенге көршілес орналасқан Ғ.Мұратбаев елді мекенінен су құбыры тартылып, ауыз су берілуде.
Еркін форматта ашық ауа астында өткен жиыннан соң аудан басшысы жергілікті тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдау барысында әлеуметтік мәселелермен қатар ауыз су, ескі электр бағаналарын ауыстыру, округ елді мекендерінде мәдениет және спорт нысандарын салу, жол жөндеу мәселелері сөз болды.
Тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер бойынша аудан басшысы сала мамандары мен бөлім басшыларына тиісті жұмыстар жүргізу керектігі жөнінде тапсырма берді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі