Зеленскийдің уақыты бітті ме? – сарапшылар болжамы

Украинадағы қақтығыс жаңа деңгейге ауысты. Украина басшысы Зеленскийдің сайлауына кімдер әсер етуі мүмкін? Келесі сайлауда жеңе ала ма? BAQ.KZ тілшісі сарапшылардың пікірін білді.
Келіссөздер. Ресей неге созып жатыр?
Украинадағы соғыс майдан шебінен дипломатиялық арнаға ауыса бастағандай. Халықаралық сарапшы, философия ғылымының кандидаты Жанат Момынқұловтың айтуынша, қазіргі қақтығыс жаңа кезеңге аяқ басты. Оның пікірінше, Ресей келіссөзге тек Украинаның “легитимділігі төмен” басшысымен емес, жаңа тұлғамен ғана келіскісі келеді.
Ресей Зеленскиймен мәміле жасаудан бас тартып отыр. Бұл позицияны Дональд Трамп та қолдайды. Ал Зеленскийдің өзі де бұған қарсылық танытып отырған жоқ сияқты, – дейді сарапшы.
Соғыс жағдайында сайлау қалай болады?
2025 жылдың соңына қарай Украинада президент сайлауы өтуі мүмкін. Сарапшының пікірінше, Зеленский қазіргі беделімен сайлауда жеңіп шығуы ықтимал. Соғыс жағдайында сайлау өткізу ел ішінде тұрақсыздық тудыруы мүмкін. Сондықтан алпауыт күштер сайлау нәтижесіне әсер етуге тырысуы ықтимал.
Бұл жолғы сайлау Ресейге де, АҚШ-қа да тиімді болмауы мүмкін. Екеуі де Зеленскийдің билікте қалғанын қаламайды. Өйткені оның жеңісі – соғыстың жалғасуын білдіреді. Ал халық соғыстан әбден шаршады, – дейді Момынқұлов.
Саясаттанушының пікірінше, Зеленскийдің орнына басқа тұлғаның келуі ғажап емес. Бұл өзгерісті сыртқы күштердің ықпалымен жүзеге асыру да мүмкін.
Зеленскийдің саяси уақыты аяқталған сияқты…
Жанат Момынқұлов атысты тоқтату туралы келісімге келу мүмкіндігі күн санап артып келе жатқанын айтады.
Майдан мен дипломатия алаңы қатар өзгеріп жатыр. Меніңше, жақын арада атысты тоқтату жөнінде біржолғы келісімге қол қойылуы ғажап емес. Бірақ бұл процесте Зеленскийдің билікте қалуы кедергіге айналуы мүмкін, – дейді ол.
Момынқұловтың болжамынша, АҚШ Қытаймен күреске дайындалып жатқан тұста Ресеймен келіссөзге келу үшін Украина тарапынан белгілі бір мүдделерді құрбан етуге баруы мүмкін. Бұл жағдайда Трамп әкімшілігі Зеленскийдің сайлауға түсуіне де, жеңуіне де қарсы болады.
Зеленскийдің саяси уақыты аяқталған сияқты. Жаңа президенттің келуі – әлемдік державалардың бірлескен шешімі де болуы мүмкін, – дейді халықаралық сарапшы.
Саясаттанушы Аман Мәмбеталиевтің айтуынша, Украинаға АҚШ-тың қолдауы өте маңызды. Соғыстан шаршаған Украина бұл қадамға амалсыз барып отыр.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін соғыс жағдайында сайлау өткізілмейтінін бірнеше мәрте мәлімдеген еді. Алайда қақтығыс ұзаққа созылып, ел ішінде де, халықаралық деңгейде де оған деген қысым арта түсті.
Бәрі Ақ үйдегі ұрыстан басталды
Саясаттанушы Аман Мәмбеталиевтің сөзінше, Ақ үйде өткен кездесуде АҚШ президенті мен Зеленский арасында келіспеушілік болған. Артынша Трамптың кеңесшілері мен америкалық басылымдар Зеленский сайлауға қатысса, жеңіске жетуі екіталай деген ақпарат таратты. Бірақ Украина билігі халықтың оны қолдауы 50 пайыздан асатынын айтып, дереу жауап қайтарды.
Аман Мәмбеталиев Трамптың басынан-ақ Украинаны кез келген жолмен келісімге көндіретінін айтып жүргенін еске салады. Оның командасы Сауд Арабиясында Ресеймен келіссөз де жүргізген. Бұл әрекеттерге Еуропаның көптеген елдері сынмен қарағанымен, Зеленский кейін АҚШ-пен ашық жұмыс істеуге дайын екенін жариялап, шабуылды тоқтату шартын ұсынды.
Соғысты тоқтату – басты талап. Бірақ ол қашан тоқтайды, нақты белгісіз. Бұл – Украина парламентінің де қолдауын қажет ететін күрделі мәселе. Ел ішінде Зеленскийге қарсы жұмыс істеп жатқан күштер бар. Бұрынғы президент Петр Порошенко оппозиция ретінде ашық шықты, – дейді сарапшы.
Сайлау мәжбүрлі қадамға айналды
Аман Мәмбеталиев сайлау өткізуге Украинада бірқатар кедергі бар екенін айтады: елде соғыс жүріп жатыр, экономикалық жағдай ауыр, ал сайлау өткізу үшін қомақты қаражат қажет. Оның үстіне Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Украинаны сырттай басқару идеясын да ұсынған еді.
Қақтығыс тоқтамаса не болмақ? АҚШ-тың көмегінсіз Украинаға қиын болады. Ал Трамп болса, Ресейге нақты талап қоюы тиіс. Украина қазір сайлау өткізуге амалсыздан барып отыр, – дейді саясаттанушы.
Сарапшының айтуынша, Зеленскийдің билікте қалуы – көп күштің мүддесіне сай келе бермейді. Ал сайлау Украина үшін ішкі тұрақтылық пен халықаралық келісім арасында қиын таңдау болмақ.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский екінші мерзімге сайлауға түсуге ниетті екенін жазған едік.
Елде президент сайлауы әскери жағдай тоқтатылғаннан кейін, шілде айында өтуі мүмкін. АҚШ бұл жағдайдың 20 сәуірге дейін аяқталуына үміттеніп отыр.