Зейнеткерлердің несиесі мен банкроттық рәсімдері жеңілдейді

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев зейнеткерлердің несие берешектері туралы депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда банкроттық рәсімдерін жеңілдету бағытында заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілген. Бұл түзетулер азаматтар мен зейнеткерлерге сотқа жүгінбей-ақ банкрот болу рәсімін жеңілдетуге бағытталған.
Сонымен қатар Мәжілісте қаралып жатқан жаңа заң жобасында 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін рәсімделген шағын несиелерге қатысты борышты реттеу талаптарын алып тастау көзделіп отыр.
Зейнетақыдан өндіріп алу мәселесіне тоқталған Үкімет өкілі, қазіргі заңнамаға сәйкес, зейнетақыдан ұстау 50%-дан аспауға тиіс екенін айтты. Алайда зейнетақыны толық қорғау банктердің зейнеткерлерге несие беруін шектеуі мүмкін. Сондай-ақ мемлекет тарапынан әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың банк шоттарындағы қаражатын өндіріп алудан қорғау шаралары бар екені атап өтілді. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев зейнеткерлердің несиесін кешіруді сұрап, Премьер-министрдің орынбасарына депутаттық сауал жолдаған болатын.