WorldSkills Abai–2025 аймақтық кезеңі Абай облысындағы барлық кәсіп түрлерін қамтиды

13 мамырдан бастап Абай облысында WorldSkills Abai – 2025 аймақтық чемпионатының негізгі кезеңі өтуде. Бірнеше күн бойы он колледждің базасында қатысушылар ондаған бағыттар бойынша кәсіби шеберліктерін көрсетуде.
Әрбір оқу орны өз бейініне сәйкес жарыстарды қабылдауда. Мысалы, Жаңа технологиялар және IT колледжі ақпараттық жүйелер мен цифрлық шешімдер саласындағы тапсырмаларды орындауға арналған алаңға айналды. Электротехникалық колледжде өндірістік автоматика, мехатроника, электрмонтаж, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және дәнекерлеу технологиялары бойынша жарысқа қатысушылар бақ сынауда.
Қызмет көрсету мен дизайн саласын таңдаған қатысушылар тапсырмаларын Бизнес және сервис колледжінде орындайды. Ал көлік жөндеу, логистика және жүйелік әкімшілік етуге қатысты құзыреттер Көлік колледжінде пысықталуда.
Геодезия, картография және құрылысқа маманданған колледжде қатысушылар құрылыс үдерістері мен геокеңістіктік өлшеулер бойынша білімдерін көрсетуде. Чемпионаттың шығармашылық бөлімі Төлебаев атындағы музыкалық училищеде өтіп жатыр. Мұнда қатысушылар хореография бойынша тапсырмаларды орындайды.
Педагогикалық бағыт – мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш оқыту және дене шынықтыру бойынша тапсырмалармен ұсынылған. Бұл жұмыстарды Педагогикалық колледждің сарапшылары бағалайды.
Ветеринария саласының мамандары Шәкәрім атындағы Жоғары колледж алаңдарында жұмыс істейді. Ал Семей қаласындағы Медицина колледжінде қатысушылар медициналық және әлеуметтік күтім саласындағы кәсібилігін көрсетуде.
Бухгалтерлік есеп, бизнес-процестерді автоматтандыру және графикалық дизайн бойынша тапсырмалар Семей қаржы-экономикалық колледжінде орындалуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық қатысушылар өндірістік жағдайларға барынша ұқсас практикалық тапсырмаларды орындайды. Бұл жас мамандардың техникалық дайындығын ғана емес, сондай-ақ дербес шешім қабылдау қабілетін де бағалауға мүмкіндік береді.
Чемпионаттың жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау 20 мамырда өтеді.