Волонтерлік – өмір мәні: Елордада ұйымдар арасындағы сайыс өтті

 Ерікті болуды еш міндет деп емес, жанның қалуы деп санайтын жастар бүгін елорда төрінде бас қосып, Халықаралық еріктілер күні мерекесінің қарсаңында бәйгеге түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қоғамның ең бір жарық сәулесі, ең бір мейірімге толы жүзі – еріктілердің бейнесі. Олар даңққа бастар жолды емес, жанға жылу сыйлар жолды таңдаған жандар.

Іс-шараны ұйымдастырушы  “Астана жастары” ЖРО” КММ Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы.

Мақсат волонтерлық ұйымдар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, тәжірибе алмасу, еркін форматта тілдесу арқылы өз жұмыстарын жақсарта түсуге көмектесу болып табылады.

Бүгінгі таңда ел ішінде мұқтажға қолғабыс көрсетіп, қоғамдағы түрлі мәселелерге үн қосып жүрген еріктілер қозғалысы кең қанат жайып келеді. Оны бүгінгі тимбилдинг барысында байқадық. Бәйгеге 50 ұйымнан ерікті жастар қатысуда. Сайыс ұйымдастырушы “Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының жастармен тәрбие жұмысы және құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі аталмыш шара биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырғанын айтады.

«Волонтер FEST» жобасы жалпы биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Осыдан алдыңғы жылдары жоба концерт форматында өтетін, яғни жылдың қорытындысын шығарып, үздік волонтерлық ұйымдар мен үздік бағыттарды анықтайтынбыз. Биылғы жылы біз концерт форматынан бас тартып, жобаны спорттық форматқа ауыстырдық. Белсенді ойындар мен белсенді тапсырмаларды орындау арқылы ұйымдарды осы форматта да көргіміз келді. Бұл – ұйымдардың сұрауы бойынша жасалған өзгеріс,- деді ол.

Қатысушылар сегіз тапсырмадан тұратын кедергілер жолынан өтеді. Спорттық ойындар мен белсенділікті талап ететін тапсырмалар бар. Барлығы қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылған.

Бәйгеге қатысушылар арасында жасы 73 келген Бақыткүл Тұрамиева да бар. Жастармен жарыса ойынға қатысып, емін-еркін қозғалыста жүрген ол ерікті болу мен қартаюдан қорғайды дейді.

Мен – күміс еріктімін, экологиялық партияның мүшесімін. Қазақтың қанына сіңген асар дәстүрі – қазіргі ерікті деген ұғыммен тең деп білемін. Бізде жүз шақты адам бар, ешқандай ақысыз-пұлсыз қызмет етеміз. Біреуге таяқ, арба керек болса, қарттар үйіне барамыз. Аула сыртында тазарту, жұмыстарын да бірлесе жасаймыз. Бүгінгі шар мен үшін ерекше. Сол үшін қартаюға жол бермей отырған Астана жастарына алғысымды айтамын,- дейді ерікті қария.

Иә, қазір ерікті болуға қызығатын жастар көп. Солардың бірі  Қайсар Қожахмет. Ол 2 жылға жуық уақыт ерікті ретінде қызмет етіп келеді.

Мектеп кезінде ерікті болуға қызығушылығым оянып, одан өмірімнің мәнін таптым десем де болады. Осы уақытқа дейін қарт кісілерге көмектесіп, түрлі концерттер ұйымдастырдық. Уақыты бос, немен айналысуды білмей түрлі қауіпке ұрынып қалатын жастар көп. Сол үшін замандастарымды пайдалы іспен айналысып, қоғамда пайда әкелуге шақырамын,- дейді ол.

Бүгін өз өмірінен өзгенің өміріне көп алаңдайтын жүзге жуық жігерлі жас жасыл алаң үстінде сегіз кезең бойынша сынға түсті. Жеңімпаз балдық жүйе бойынша анықталып, сайыс қорытындысы бойынша балдар жинақталып, жеңімпаз белгілі болады.

Сайыс қорытындысы бойынша, жеңімпаздарға 1 орынға – 200 000, 2 орынға- 150 000, 3 орынға – 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар, сондай-ақ естелік сыйлықтар, дипломдар мен алғыс хаттар табысталды.