Волонтерлер мемлекеттік сатып алу конкурсында бағаны 400 млн теңгеге көтеруге жол бермеді

 Атырау облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізетін 88 волонтер бар. Олар мемлекеттік сатып алу конкурсындағы бағаны 400 млн теңгеге көтерудің алдын алған.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, елімізде 2008 жылы БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ратификацияланған.

– Қазақстанда конвенция ратификацияланғаннан бері ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Соңғы бес жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы озық новеллалар белсенді түрде енгізілді. Құқықтық актілердің жемқорлыққа қарсы сараптамасы қалпына келтірілді. Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынды. Санкциялар қатаңдатылды. Жемқорлық туралы хабарлар үшін сыйақы көлемі өсті. Еңбек құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылданды. Ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, – дейді Ерұлан Серікқалиев. Оның пікірінше, жемқорлыққа қарсы күресте жаңа және тиімді идеялармен алмасу жолға қойылған. Осы орайда жемқорлық проблемасын оң шешу, оған қарсы күресті жетілдіру үшін жаңа жобалар мен тиімді тәсілдер жетілдіріледі.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі тиімді тәжірибенің бірі – волонтерлерді тарту. Қазір Атырау облысында белсенді сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтауға үлес қосып жүрген белсенді волонтерлердің саны 88 адамға жетті. Олар мемлекеттік сатып алу конкурсына ұсынылған бағаны көтеруді жиі анықтайды. Мәселен, биыл конкурс бағасын 400 млн теңгеге көтеру тәуекелінің алдын аkды, – деп мәлім етті Ерұлан Серікқалиев. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 30 жаттықтырушы жалған дипломмен жұмыс істеп келгенін жазған едік.

  

ПІКІР ЖАЗУ