Вице-министр: Қазақстанда ЖИ-ассистенттер іске қосылып жатыр

 Қазақстанда жасанды интеллект-ассистенттер іске қосылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 форумының кулуарында Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрінің міндетін атқарушы Ростислав Коняшкин мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстанда қазірдің өзінде техникалық база бар және ауқымды білім беру бағдарламаларын іске қосуға дайындық жүргізілуде.

Бізде серверлік қуаттар, суперкомпьютер бар. Сонымен бірге, жедел түрде AI-ассистенттерді құруға арналған құралдар бар, олар қазірдің өзінде мемлекеттік органдарда қолданыла бастады және азаматтарға да қолжетімді. Мысалы, EGOV AI сервисін EGOV мобильді қосымшасында байқап көруге болады, – деді Коняшкин.

Оның сөзіне қарағанда, ерекше көңіл кадр даярлауға бөлінуде. Бұл бағыт мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект курстарын енгізуді де, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру жүйесін қамтиды.

Бүгін Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні тереңірек зерттеп, дамытуға арналған институт құруды тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер арасында кадр даярлау бойынша кең ауқымды бағдарлама жүріп жатыр. Бәріміз де түсінеміз: жасанды интеллект құралдары әр қызметкердің тиімділігін арттыруға және жұмыс өнімділігін көтеруге көмектесуі тиіс, – деп атап өтті вице-министр.