Ұстаздар ұлықталды

Ұстаз мәртебесін көтеру – бүгінгі қоғамның негізгі міндетіне айналды. Өйткені, ұстазды ұлықтау, оның ұлт тәрбиесі жолындағы ерен еңбегін бағалап, мерейін өсіру маңызды-ақ.
Бүгін ауданымызда «Мүғалімдер күні» мерекесіне орай салтанатты шара болып өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі Нұрлан Байғұт, мәслихат хатшысы Сәдуахас Сейсенбаев, ардагер ұстаздар мен мектеп директорлары, үздік ұстаздар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Менің Түлкібасым» демалыс орнынан бастау алған шара барысында ауданымыздағы барлық білім мекемелері өздерінің шәкірттерінің гүлден жасаған көрмесін көпшілікке ұсынды. Көз жауын алатын түрлі композициядағы қол өнер туындылары іс-шараның көркін аша түсті.
Содан соң мерекелік шара аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты.
Жиын аудан әкімінің құттықтау сөзімен бастау алды.
«Ұстаз – ұлағатты есім. Сіздер шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп келесіздер. Олардың бойына жақсы қасиеттерді дарытып, адамгершілік рухта тәрбие беруде сіздердің еңбектеріңіз өте зор. Сондықтан да, халық бұл мамандық иелеріне үлкен құрметпен қарайды»-деді, аудан басшысы Нұрлан Мархабатұлы.
Барлық өмір жолын өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру ісіне арнап келген, үздік мүғалімдер мен ардагер ұстаздар аудан әкімінің, облыс мәслихатының, облыстық «Аманат» партиясы филиалының, адами әлеуетті дамыту басқармасы мен бөлімінің және кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен марапатталды. Арнайы қонақ ретінде шақыртылған ардегер ұстаздарға гүл себеттері мен естелік сыйлықтар табысталып, сый-құрмет көрсетілді.
Мерекелік шара жалғасы өнерлі ұстаздардың орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілікті мерекелік көңіл-күйге бөледі.
Бүгінде ауданымызда 60 білім ошақтарында 3080 ұстаз жемісті қызмет етуде. Ұстаздардың білім деңгейін арттыру мақсатында жыл басынан бері «Пәндік құзыреттілік бағдарламасы» аясында 1869 ұстаз біліктілік арттырса, 141 ұстазға облыстағы шипажайларға ем қабылдауға жолдама берілді. Жас мамандарға қолдау көрсету үшін құрылған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде алғашқы құрылған күннен бүгінгі күнге дейін 245 жас маманға көтерме жәрдемақы беріліп, 67 маманға тұрғын-үй сатып алуға жеңілдетілген несие беріліп отыр.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ