Үш жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Алматы облысында үш жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. Алматы облысының полиция қызметкерлері көлік құралдарын мас күйде басқарған және жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтардың үш бірдей заң бұзушылығын анықтады. Аталған фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Алғашқы оқиға Еңбекшіқазақ ауданында тіркелді.
Полицияға Бәйдібек би ауылына бағыт алған Алматы – Талғар автожолында жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәлімет бойынша 26 жастағы Nissan автокөлігінің жүргізушісі қарама-қарсы бағытқа шығып, басқа көлікпен соқтығысқан. Тексеру барысында оның мас күйде болғаны және бұрын көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Апат салдарынан жолаушы зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Екінші және үшінші жағдайлар Балқаш ауданында тіркелді. Екі жүргізуші де мас күйінде көлік басқарған, әрі бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Бұл фактілер бойынша да қылмыстық істер қозғалып, құқық бұзушылар қамауға алынды. Алматы облысының полиция департаменті азаматтарға жолда жауапты болуды ескертеді.
Мас күйінде көлік басқару – тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар өзгенің өміріне қауіп төндіретін ауыр қылмыс. Әрбір азамат жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.