ҰОС ардагерінің бюсты ашылды

Жиырмаға жаңа толған шағында Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, ерлігі үшін Липой, Мних қалаларының Құрметті азаматы, КСРО-ның құрметті радисті атанған Бірінші Мамыр ауылдық округі Алғабас елді мекенінің тумасы Әліхан Көшіковтың есімі ерлік шежіресіндей болып ел есінде сақталды.

Аты аңызға айналған тұлғаның өмір жолы өнегеге толы. Отан үшін от кешкен азамат бейбіт заманда да ұлттың дамуы жолында еңбектенді. Сондықтан өзі өмірден өтсе де туған халқы батырын ұмытпай, жадында тұтып келеді. Сөзіміздің дәлелі бүгін Әліхан Көшіковтың туған жері Алғабас елді мекенінде ҰОС ардагері бюстының ашылуы рәсімі өтті.

Тағылымды шарада ардагердің алыс-жақындары, зиялы қауым, көзін көргендер мен ауыл ақсақалдары Әліхан Көшіковтың өнегелі өмір жолынан сыр шертті.

Әліхан Көшіков жалындаған жастық шағын от пен оқтың арасында жүріп, Отаны үшін кеудесін оққа төсегені үшін Чехословакияның жоғары наградаларымен марапатталған. Елге оралғаннан кейін Қазығұрт ауданының Коммунизм совхозының кәсіподақ ұйымын басқарып, Чехословакия мемлекетімен тығыз байланыста болып, шаруашылықтың дамуына, ауылға асфальт жол төселуіне ықпал етіп, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуына себепкер болды. Мемлекеттің дамуына қосқан үлесі елеусіз қалмады. «Құрмет белгісі» Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрметі граматоларына ие болған.

Саналы ғұмырын еліміздің өркендеуіне арнаған ардагердің еңбегін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі. “Үлкенге құрмет – балаға міндет” – дейді, дана халқымыз. Ардагерді ардақтау арқылы ұрпақтар сабақтастығын нығайта аламыз.

ПІКІР ЖАЗУ