“Үнсіз қылмыс” феномені: Нұрайдың өлімі жүйені өзгерте ала ма?

Қазақстанда сталкинг қылмыс деп танылғанына жарты жылға жуық уақыт өтті. Алайда Шымкентте 21 жастағы Нұрайдың қаза табуы бұл норманың іс жүзінде толық жұмыс істемей тұрғанын көрсетті. Бір қыздың өлімі қоғамды дүр сілкіндіріп қана қоймай, құқық қорғау жүйесіндегі немқұрайлық пен жауапкершіліктің жоқтығын да ашып берді. Сталкинг деген не, заң не дейді, Нұрай ісі нені көрсетті және мұндай қасіреттерді қалай тоқтатуға болады? BAQ.KZ тілшісі мамандармен бірге осы сұрақтарды талдап көрді.
Сталкинг деген не және заң не дейді?
Сталкинг – адамның еркіне қарсы бағытталған, физикалық зорлық-зомбылықсыз, бірақ психологиялық, эмоционалдық немесе әлеуметтік тұрғыдан елеулі зиян келтіретін жүйелі қудалау әрекеттері. Бұған үздіксіз қоңыраулар, келісімсіз байланыс орнату, әлеуметтік желі немесе мессенджерлер арқылы бақылау, адамды жалғыз қалдырмау сияқты әрекеттер жатады. Мұндай қудалау адамның жеке шекарасын бұзып, қауіпсіздігі мен тыныштығына тікелей қауіп төндіреді.
2025 жылдың 16 шілдесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекске 115-1-бап – «Сталкингті» енгізген заңға қол қойды. Бұл норма 16 қыркүйектен бастап ресми түрде күшіне енді.
Заңға сәйкес, адамның еркіне қарсы, зорлықсыз, бірақ психологиялық немесе әлеуметтік зиян келтіретін заңсыз қудалау қылмыс болып саналады.
Бұл үшін:
• 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл (шамамен 865 мың теңге),
• 200 сағатқа дейін қоғамдық немесе түзеу жұмыстары,
• немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Егер сталкинг қорқыту, бопсалау, жеке өмірге заңсыз араласу немесе зорлық-зомбылықпен ұштасса, әрекет басқа, неғұрлым ауыр баптар бойынша сараланады.
Нұрай ісі: заң неге көмектеспеді?
Жақында Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қаза табуы қоғамды дүр сілкіндірді. Марқұм өзін аңдып жүргенін айтып, полицияға бірнеше рет жүгінген. Алайда құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі ақыры қайғылы жағдайға әкеліп соқты.
Бұл мәселе 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент полициясының әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды.
Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқты. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қыз алып қашудың адам ұрлау екенін, бұл ұлттың беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі жабайы қылмыс екенін де қадап айтты.
Президенттің сынынан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылып, оның бірінші орынбасары да лауазымынан шеттетілді. Сонымен қатар салғырттық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Заңгер: «Бұл – жүйелік немқұрайлық»
Заңгер Ләззат Рақышева сталкингке қатысты істердің көбі «қылмыстық құрамы жоқ» деген сылтаумен жабылып жатқанын айтады.
Оның сөзінше, бұл – жүйелік проблема. Арыз-шағымды уақытында қабылдамау, салғырттық таныту ақыр соңында адам өліміне әкеліп жатыр.
Заң бар. Бірақ ол жұмыс істеуі керек. Арыз түсті ме – бірден қабылданып, іс қозғалу қажет. Немқұрайлықтың салдары – қайғылы өлім, – дейді заңгер.
Рақышева Нұрай ісінен бөлек, Шымкентте болған тағы бір қанды оқиғаны мысалға келтірді: қыз жоғалып, шамамен он күннен кейін азапталып өлтірілген күйі табылған, ал анасының арызы бірнеше күн бойы қабылданбаған.
Заңгер Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорына жәбір көргендер хабарласып, заңгерлер мен психологтардан тегін кеңес ала алатынын еске сала кетті. Call-орталық – +7 707 154 75 38.
«Нұрайды қайтара алмаймыз, бірақ сабақ алуымыз керек»
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұл істің бүкіл ел үшін ауыр сабақ болуы тиіс екенін айтты.
Нұрайды өмірге қайтара алмаймыз. Бірақ бұл жағдай бүкіл Қазақстанға сабақ болуы керек. Ата-аналарға айтарым – жасырмаңыздар, бірден полицияға барыңыздар, – деді ол.
Депутат қабылданған заңдарды еске салды:
• кәмелетке толмағандарға мазалау мақсатында жазу – қылмыс;
• жүйелі аңду – дәлел жинауға негіз;
• тоқтамаса – полицияға жүгіну қажет, бұл жағдайда шектеу қойылып, 50 тәулікке дейін қамауға алу мүмкін.
Ал Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, заң нормалары дер кезінде қолданылғанда, Нұрайдың өлімінің алдын алуға толық мүмкіндік болған.
Сталкинг пен некеге мәжбүрлеу белгілері бола тұра, Шымкент қаласының ішкі істер органдары қылмыстық істі уақтылы тіркемеген, – деді ол.
Депутат Үкіметке заңды қолдану және түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты ұсыныстар жолдады.
Сталкингтің психологиялық салдары қандай?
Психолог Серікгүл Салидің айтуынша, сталкинг құрбандары біртіндеп өзін жоғалтып, шынайылыққа күмәндана бастайды.
Алғашында адам өзінің жеке шекарасы бұзылып жатқанын сезеді. Ал сталкер оның бұл сезімін жоққа шығарып, “сен қателесіп отырсың” деген ойды сіңіреді. Соның салдарынан құрбан өзіне сенуден қалады, – дейді психолог.
Мұндай адамдар үнемі бақылауда жүргендей сезінеді, еркіндігін жоғалтқандай күй кешеді, ал бұл ұзақ мерзімді психологиялық жарақатқа әкелуі мүмкін.
Сталкердің психологиялық бейнесі
Психологтың айтуынша, сталкерлер көбіне өзін «дұрыс» санап, өзгені толық бақылауға ұмтылады. Олар үшін басқа адамның кіммен сөйлесетіні, қайда баратыны, не істейтіні – бәрі бақылауда болуы тиіс.
Бұл – патологиялық мінез-құлық, және ондай адам көбіне өз бетімен тоқтай алмайды.
Құрбандарға маман кеңесі
Мамандар сталкинг белгілері байқалса:
• үнсіз қалмауға,
• барлық дәлелдерді жинауға,
• полицияға және психологқа жүгінуге кеңес береді.
Нұрайдың өлімі – жеке бір адамның емес, тұтас жүйенің қателігі. Қазақстанда сталкингке қарсы заң бар. Бірақ заңды орындау, жауапкершілік пен немқұрайлықсыз жұмыс істеу болмайынша, мұндай қасіреттер қайталана беруі мүмкін.




