Ұлу жылының қызықтары: “Позор болып отырмайық”, үздік тренд пен ең қайырымды қыз
2024 ұлу жылын да қорытындылайтын уақыт жетті. Баршамыз осы жылда жеткен жетістігімізді тізбектеп, жасаған игі істерімізді еске алып, көңілді нотада қорытындылауға тырысып жатырмыз. BAQ.KZ редакциясы да биыл әлеуметтік желіде болған қызықты оқиғаларға шолу жасап көрді.
Жылдың үздік цитатасы – “Моанаға” барып, “позор” болып отырмайық. Актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі тікелей эфирде қазақша дубляждалған мультфильмге қатысты пікір айтып, басы дауға қалған болатын.
Ол өз сөзінде “Моанаға” барып, “позор” болып отырмайық деген еді. Мен сіздерге басымды тік көтеріп айтамын, кино күшті. Ана бір мультикке қарағанда, кино күшті. Сендер қазір бір мультикке барып жатырсыңдар ғой. Не үшін барып жатқандарыңды білмеймін. Не үшін Голливудқа шапан кигізіп, ақша беріп жатқандарды түсінбеймін. Киноға барыңыздар, – деді Бадықова тікелей эфирде.
Жылдың миллиардер фильмі – “Таптым-ау сені – 2”. Актер Олжас Абай Дариға Бадықованы “Таптым-ау сені – 2” фильмінің 1 миллиард теңге жинаған жетістігімен құттықтағаны белгілі болды.
Жылдың ең қайырымды қызы – Гауһар. Кентаулық кішкентай қыз бір жыл бойы жинаған қаражатын үйлерін су басқан Құлсарыға көмек ретінде жіберді. Оның есімі – Гауhар Шәймерден. 5-сынып оқушысы.
Ол “Біз біргеміз!” жалпыұлттық телемарафонына қатысып, елдегі қысылтаяң кезеңде халыққа көмек қолды. Ол су тасқынынан зардап шеккен жұрт баспанасыз қалғанын естіп, бар жиған-тергенін қайырымдылыққа берді. Сөйтіп Гауһар ұзақ уақыт бойы смартфон алуға жинаған ақшасын Құлсарыға көмек ретінде берген.
Жүрегі жомарт жан бүгінде Мемлекет басшысының алғысына бөленді. Қасым-Жомарт Тоқаев қаршадай қыздың ісіне сүйсініп, ата-анасына саналы ұрпақ тәрбиелегені үшін ризашылығын білдірді.
Жылдың үздік тренді – оқушылардың үлкендерге құрметі. Қазақстан мектептерінде оқушылардың еден жуушы апайларға көрсеткен құрметі әлеуметтік желіде трендке айналды.
Бүгінде әлеуметтік желіде түрлі трендтер, акциялар түсіріліп жатыр. Олардың арасында қайырымдылықты, мейірімділікті, достықты, үлкенді сыйлауды насихаттайтын роликтер де жоқ емес. Соңғы уақыттары Қазақстан оқушылары игі істі бастап, мектептегі кіші қызметкерлер, яғни тазалық қызметкерлердің қажырлы еңбегіне құрмет көрсету мақсатында акция өткізіп жатыр. Әлеуметтік желілерде балалардың апайларға түрлі тәттілерін сыйлап, тіпті тазалық жұмысына да көмектесіп жатқан видеолары тарады.
Жыл соты – Бишімбаев ісі. Биыл мамырда әйелін өлтірді деп күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкім шығарды. Ол 24 жылға сотталды. Сот процесін бүкіл қазақ қоғамы бақылады. Сот онлайн өткізілгендіктен оны басқа да елдің көрермендері көре алды.
Жылдың тілмаш күзетшісі. Естеріңізде болса, әлеуметтік желіде түркістандық күзетші танымал болды. Ол ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Күзетші Шер Ильясовтың Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келген шетелдік туристерге гид қызметін көрсетіп жатқан видеосы желі қолданушыларын таңғалдырған болатын.
Жылдың үздік блогері – жапондық Юдзи Белеза. Венада тұратын жапон блогері Юдзи Қазақстанда 3 рет болған. Ол Kazakh Tourism ұйымдастырған ақпараттық турларға да қатысты. Бұл сапарлар оған Қазақстанды тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді.
Десе де Юдзи Қазақстанға келмесе де, елімізге деген ерекше ықыласын көрсетіп, отандастарымыздың жүрегінен орын алғаны белгілі. Ол қазақ тілін меңгерген және жұмыстары арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқырмандарын Қазақстанның бай мәдениетімен және табиғатымен танысуға үгіттейді. Kazakh Tourism блогерге “ҚР туризмі елшісі” атағын берді. Мұндай құрметті миссия оған елімізді әлемге танытудағы үлесі үшін табысталды. Блогер ұлттық дәстүрлерге және қазақстандық шоколадқа ерекше көңіл бөледі. Юдзи оларды өзінің әлеуметтік желілерінде белсенді түрде дәріптейді.