Ұлттық қорға салғанымыздан алғанымыз 2 жарым есе көп

 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанның Ұлттық қорынан алынған қаражат көлемі 1,45 трлн теңгеге жетті, ал түскен түсім көлемі 520 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ Қаржы министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Ұлттық қор қаражатының пайдаланылуы жөніндегі ай сайынғы есебін жариялады.

Жыл басынан бері Ұлттық қорға 631 млрд теңге көлемінде түсім түскен. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 46%-ға төмен. Ал қаражат алу көлемі өзгеріссіз қалды.

Түсім құрылымында мұнай-газ секторынан тікелей салықтар айтарлықтай азайды:
• Корпоративтік табыс салығы (КТС) – 60%-ға немесе 377,6 млрд теңгеге төмендеген;
• Қол қойылым бонусы (НДПИ) – 76%-ға немесе 85 млрд теңгеге азайған;
• Экспортқа ренталық салық – 40,8%-ға немесе 48,8 млрд теңгеге қысқарған;
• Өнім бөлісу туралы келісімдер бойынша түсімдер (СРП) – 12%-ға немесе 32,1 млрд теңгеге азайған.

Ал алынған 1,45 трлн теңге қаражат мынадай бағыттарға жұмсалған:
• Кепілдендірілген трансферттер – 1,2 трлн теңге;
• Нысаналы трансферттер – 250 млрд теңге;
• Қорды басқаруға арналған шығыстар – 1,3 млрд теңге.

Осылайша, 2025 жылдың алғашқы үш айында Ұлттық қор бойынша операциялардың нетто-позициясы (-)819,8 млрд теңгені құрады. Соның нәтижесінде қор активтері жыл басындағы 33,1 трлн теңгеден 32,2 трлн теңгеге дейін төмендеді.

Ең алаңдатарлық жайт — мұнай өндірісінің артуына қарамастан, мұнай секторынан тікелей түсетін салықтардың күрт азаюы. Бұл — еліміздің экономикасының ренталық табысқа тәуелділігінің қаншалықты осал екенін айқын көрсетеді. Мұнай бағасы жеткілікті деңгейде жоғары болмаған жағдайда, бюджеттік тәуекелдер күрт өседі.

Бүгінгі күні Brent маркалы мұнай бағасы барреліне шамамен 70 доллар деңгейіне дейін төмендеді, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 87–89 доллар аралығында болған. 

Сонымен қатар, ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер мұнай өндірісін кезең-кезеңмен арттыру туралы уағдаласты. Келісімге қатысушы сегіз ел өндіріс көлемін тәулігіне 411 мың баррельге ұлғайту жөнінде шешім қабылдады, бұл үш айлық өсімге тең. Нарық мұндай өсімді күтпегендіктен, мұнай бағасының төмендеуі үдей түсті. 

Бұл жағдай ел бюджетінің қауіп-қатерін арттыра түспек.

ПІКІР ЖАЗУ