Ұлттық қор, вейпке тыйым салу және әйелдер құқығы. Биыл қандай маңызды заңдар қабылданды
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 мыңға жуық маңызды құжатқа қол қойды, олардың ішінде 95 заң, 319 жарлық және 81 бұйрық бар. BAQ.KZ тілшісі қоғам талқысынан өткен ең маңызды 10 заңды тізіп шықты.
Ұлттық қордан балаларға қаржы аудару туралы заң
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап “Ұлттық қор – балаларға” жобасы іске қосылды. Жоба аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады.
Қаржы 18 жасқа толғанға дейін жиналады және оны мерзімінен бұрын шешуге болмайды. Жиналған қаражат тек тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім ақысын төлеуге жұмсалады.
2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін 41,8 мың өтініш өңделіп, жалпы сомасы 4,2 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінді. Оның ішінде 22,6 мың өтініш тұрғын үй жағдайын жақсартуға (2,3 млн доллар), ал 19,1 мың өтініш білім ақысын төлеуге (1,9 млн доллар) жұмсалды. Бұл жоба өсіп келе жатқан ұрпақтың ұзақ мерзімді қаржылық қауіпсіздігін нығайтып, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Әйелдер мен балалардың құқығы күшейтілді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі заңға қол қойған. Біріншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», екіншісі – «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.
Бұл заң мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы негізінде әзірленген.
Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді.
Несие беру кезінде тәуекелді азайту туралы жаңа заң нормалары
Заңға халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ереже енгізілді.
Азаматтар борышының өсуін болдырмау үшін мерзімі өткеніне 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға кепілсіз тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынады. Алайда қарызды қайта қаржыландыруға бұл тыйым жүрмейді. Әскери қызметшілер мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде алған қарызына сыйақы есептеуден босатылады.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап коллекторлық агенттіктерге жеке тұлғалардың құқықтарын (талаптарды) беру шарттары қатаңдаталды.
Дәл осы күннен бастап тек берешек туындаған сәттен 24 ай өткен және берешекті реттеу жөніндегі рәсімдер міндетті түрде жүргізілген жағдайда ғана қарыз алушы жеке тұлғаларға қатысты құқықтарды (талаптарды) коллекторларға беруге болады.
Банк омбудсманының барлық банктік қарыз шарттары бойынша дауларды қарау құзыреті кеңейтілді (бұған дейін ол тек ипотекалық шарттарға қатысты дауларды қарайтын) және микроқаржы омбудсманы институты енгізілді. Жеке тұлғалар омбудсмандардың шешімімен келіскен жағдайда, мұндай шешімдерді қаржы ұйымдары орындауға міндетті.
Омбудсмандар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкер жеке тұлғалардың өтініштерін қараған кезде кепілге алынған жылжымайтын мүлікті өндіріп алуға тыйым салынады.
Сондай-ақ осы санатқа жататын азаматтар бұған дейін міндеттемені орындамағанына байланысты банк балансына өтіп кеткен жалдамалы баспанасын сатып алуға құқылы.
Кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынады.
Өндіріп алуға жатпайтын және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдаған кезде қарыз алушының банктік шотында қалуға тиіс ақша сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (43 407 теңге) екі еселенген мөлшеріне (86 814 теңге) дейін ұлғайтылды.
20 АЕК-ке (73 840 теңге) дейінгі әкімшілік айыппұлдарды және салық берешегін өндіріп алу кезінде оңайлатылған іс жүргізу тәртібі енгізілді. Істі әділет органдары автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүргізеді. Бұл азаматтарды жеке сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу міндеттемесінен босатады. Мұндай механизммен келіспеген жағдайда атқарушылық іс жүргізу жалпыға бірдей бекітілген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
Петиция туралы заң
2024 жылдың сәуірінен бастап Қазақстанда петициялар туралы заң күшіне енді. Бұл заң азаматтарға үкіметтің міндетті түрде қарауына жататын ресми петициялар ұсынуға заңды құқық береді. Заң петицияларды ұсыну мен қол қою тәртібін реттейді, қарауға болатын мәселелер тізімін және қол қойылатын ең төменгі қолдар санын белгілейді.
Бұл механизм мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды қадам болды және азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты нығайтып, халықтың билікке деген сенімін арттырды. epetition.kzплатформасы халықтың жоғары белсенділігін көрсетті, бұл жарияланған петициялар саны мен әлеуметтік және қоғамдық маңызды мәселелерді талқылауға азаматтардың белсенді қатысуынан байқалады.
Вейпке тыйым салынды
Мемлекет басшысы 9 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді.
Заңға сәйкес шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салынған. Заң күшіне 2024 жылы 20 маусымда енді.
Сатып, таратқандар:
- 200 АЕК дейін айыппұл;
- Сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
- 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- 50 тәулікке дейін қамауға алу.
Әкелу және өндіру:
- 2000 АЕК дейін айыппұл;
- Сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
- 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу;
- Сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
Қылмыстық топтың қатысуы болса:
- 5000 АЕК дейін айыппұл;
- Сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
- 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу;
- Сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң
Бұған дейін Сенат заңға 118,8 млрд теңге сомасында 135 өзгеріс енгізген болатын. Бұл өзгерістерді Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Өзгерістердің бөлінуі былай жоспарланған:
– 2025 жылы – 60 млрд теңге;
– 2026 жылы – 38,5 млрд теңге.
Бұл қаражат өңірлерді қолдауға бағытталады. Атап айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын іске асыру, көлік инфрақұрылымын дамыту, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жетілдіру, газ тасымалдау жүйесін дамыту сияқты жобалар қаржыландырылады.
«Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң шеңберінде Қылмыстық кодекске қылмыстардың жаңа санаты – адам саудасына байланысты қылмыстар енгізіледі және «сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер» деген жаңа ұғым енгізілмек. Сондай-ақ қылмыстық жауапкершілік енгізіледі:
- адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсетуге тарту, сол сияқты осы мақсаттар үшін жеңгетай болу;
- осы қызметке тарту мақсатында, сол сияқты жеңгетайлық мақсатта жезөкшелікті, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтерді насихаттау және (немесе) жарнамалау;
- телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернетті пайдалану арқылы жезөкшелікпен айналысу, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету және жеңгетайлық үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау;
ҚК-нің 134, 308 және 309 және ҚР ӘҚБтК-нің 450-баптары бойынша ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар Заңда жезөкшелік қызметін, кәмелетке толмаған адамның көрінеу көрсететін өзге де жыныстық сипаттағы қызметті алғаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылды.
Адам саудасына қатысты қылмыстар бойынша татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату алынып тасталды.
«Жылу энергетикасы туралы» заң
Құжат алғаш рет жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен дамуы үшін жылу энергиясын өндіру, беру, өткізу және тұтыну процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды дербес заң түрінде реттейді.
Сонымен қатар жылу энергетикасы саласының сапалы және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жаңа тетіктерді енгізу және қолданыстағысын күшейту жолымен реттеу жүйесі жаңғыртылды.
Жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары, міндеттері, қағидаттары айқындалды.
Бұдан бөлек, аталған сектордың дәйекті және тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін оны ілгерілетудің жоспарлау және жай-күйін бағалау тетіктері енгізілді. Атап айтқанда, Энергетика министрлігі жылу энергетикасының өңірлер, сондай-ақ, өндіріс, тасымалдау, өткізу, тұтыну секторлары бойынша салалық мемлекеттік органдар әзірлеген негізгі және мақсатты көрсеткіштерді бекітеді.
Жылумен жабдықтау жүйесі құрылымдалып, жылумен жабдықтайтын субъектілер мен олардың қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері реттелген.
Жылумен жабдықтау жүйелері қуаттылығына және тұтынушылардың қосымша жүктемесіне қарай орталықтандырылған, жергілікті және жеке жылумен жабдықтау жүйелері болып бөлінеді.
Сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін тарифтік реттеу, энергия үнемдеуді қолдау, жылу энергетикасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану тетіктері жаңартылды.
Жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптары, жөндеу жұмыстарын жүргізу және жылу энергиясы көздерін пайдаланудан шығару шарттары белгіленді. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындықты қамтамасыз ету талаптары күшейтілді.
Мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар ойнауға тыйым салынды
Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі.
Құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.
Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды.
Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың/бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді.
Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино -, видео-және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.
Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға; спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде; спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады.
«Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі туралы» заң
Заң қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларындағы бейнебақылау жүйелеріне зақым келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейді;
Сондай-ақ, үкімет айқындайтын өңірлерге қоныс аударатын адамдарға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер телімдерін беру қарастырылған. Оларға және олардың отбасы мүшелеріне қоныс аударуға субсидиялар, тұрғын үйді жалдау ақысын, коммуналдық төлемдерді өтеу, экономикалық ұтқырлық сертификаттары түрінде мемлекеттік қолдау түріндегі материалдық көмек көрсетіледі.
Қазақстанда көп мәртелік инвесторлық және Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу құқығын беретін сұранысқа ие мамандық иелері үшін виза енгізілуде.
Экстремистік немесе террористік ұйымға қатысы бар, қылмысты қайталап жасаған, ұйымдасқан топқа (қылмыстық ұйымда) жетекшілік еткен, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылықтарына қарсы қылмыс жасаған, сондай-ақ Қазақстандағы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған және халықаралық шарттар негізінде азаматтығы бар елге берілген адамдардың елге келуіне тыйым салынады. Заңда халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған басқа да түзетулер қарастырылған.