“Ұлттық қор – балаларға”. Жиналған қаржы мұраға беріле ме?

“Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасымен әр баланың атына ақша жиналады. Бірақ ол қаражатты бірден жұмсауға болмайды. БЖЗҚ BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына жауап беріп, бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
“Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылды. Ол бойынша Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы әр баланың жеке шотына аударылады. Бұл ереже Қазақстанның заңнамасына енгізілген және қазір тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр.
Бала 18 жасқа толғанда оның атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) автоматты түрде жеке мақсатты шот ашылады. Сол шотқа осы күнге дейін жиналған қаржы – АҚШ долларымен – аударылады. Бірақ бұл қаражатты бірден жұмсауға болмайды: ол тағы 10 жыл бойы сол шотта сақталады.
Егер бала бұл мерзім ішінде ақшаны пайдаланбаса, қаражат автоматты түрде оның ерікті зейнетақы шотына (ЕЗШ) аударылады. Ал бұл шоттағы ақшаны алу – зейнетақы заңына сәйкес жүргізіледі.
Ал нысаналы талаптарды немесе нысаналы жинақтарды мұраға қалдыру “Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы” Заңға сәйкес нысаналы жинақтары бар нысаналы талаптарға қатысушы немесе нысаналы жинақтарды алушы қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда рәсімделеді, – делінген ресми жауапта.