Ұлттық банк ТЖ кезінде ел экономикасын қалай реттейтінін айтты

 Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Наурызбай Байқадамов жаңа заңды талқылау барысында Ұлттық банк өкілінен төтенше жағдай енгізілген кезде қаржы жүйесінің тұрақтылығы қалай қамтылатынын сұрады.

Айта кететін жайт, заң қаржылық қызмет тұтынушыларының құқықтарын қорғауды күшейтуге, банк секторындағы бәсекелестікті арттыруға және қаржылық алаяқтыққа қарсы тұруға бағытталған. Заңның қабылдануы – елдің қаржылық нарығының одан әрі дамуына оң ықпал етеді.

Төтенше жағдай жарияланған кезде әр режим жеке қарастырылады. Одан кейін барып қана біз Ұлттық банктің сәйкес нормативтік-құқықтық актілерін қабылдаймыз. Осылайша, әр нақты төтенше жағдай режиміне жеке нормативтік акт қабылданады. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде бір режим, су тасқыны кезінде – басқа режим болды, – деп түсіндірді Берік Шолпанқұлов.

Айтуынша, әр жағдайды арнайы комиссия қарастырады. Әр нақты режим үшін сәйкес ережені сол арнайы комиссия бекітіп, қолданатын шараларды реттейді.

Еске салайық, бұған дейін Сенаттың жалпы отырысында қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызметтің тұтынушылары құқығын қорғау мен бюрократиялық кедергілерді төмендетуге бағытталған заң жобасы қаралды.