Ұлт қайраткері ұлықталған ғылыми конференция өтті
Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Нұртас Оңдасынов: Тарих және тұлға» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шара барысында Н.Оңдасыновқа арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі және университет қабырғасында Нұртас Оңдасынов атындағы аудиторияның салтанатты ашылуы өтті. Конференция «Ұлт қайраткері – Нұртас Оңдасынов» деректі фильмінің көрсетілімімен басталды. Конференцияның басты мақсаты — көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірін дәріптеу, ұлттың дамуына қосқан үлесін насихаттау.
Шымкент қаласының әкімдігі мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қолдауымен ұйымдастырылған шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы сөз алып, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың ұлттың дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың атынан арнайы конференцияға арналған құттықтау хатын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне табыс етті.
«Биылғы жылы Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығы республика бойынша кең көлемде аталып өтуде. Астана қаласынан бастау алған іс-шара бүгін Шымкент қаласында жалғасып жатыр. Бүгінде қаламыздағы білім беру, мәдениет және өнер мекемелерінде Н. Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған тақырыптық іс-шаралар өткізілуде. Осы бағыттағы іс-шаралардың негізгісі – бүгінгі ғылыми-практикалық конференциясы. Н. Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған конференцияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да құттықтау хаты жолданды. Құттықтау хат «Нұртас Оңдасынов Қоғамдық қорына» табысталды», — деді С.Құранбек.
Сонымен қатар конференцияға Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ректорының міндетін атқарушы Ғани Бесбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, Шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей, Түркістан облысы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Қазақстан Жазушылар және Қазақстан журналистер одағының мүшесі, жазушы, журналист, Оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалы, «Нұртас Оңдасынов Қоғамдық қоры» Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Серік Тәукебаев және зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.