Үлкен нәтижелер кішкентай қадамдардан басталады

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Редакцияның тапсырмасымен Сайрам ауданындағы мүгедектігі бар балаларды оңалту орталығына бардық. Таңертеңгі уақыт еді. Ауданға қарасты ауылдардан инватаксимен мүгедектігі бар бір топ баланы орталықтың үш қызметкері алып келіп, әрқайсысын өз топтарына кіргізді. Солармен бірге ішке ендік. Балалар қолдарын жуып, таңғы асқа отырды. Ал, біз орталықтың жұмысын бір шолып шығуға бет алдық.

Мұндай балаларға біздің күнделікті өмірімізде қолданылатын денешынықтыруға арналған құрал-жабдықтар жарамайды. Сондықтан орталыққа емделушілердің ойлау қабілетінің дұрыс қалыптасуына, еркін жүріп-тұруына пайдасын тигізетін құралдар әкелінген екен. Соларға қарап-ақ  мүгедектігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандарға артылған жауапкершілік жүгінің қаншалықты ауыр екенін ұққандай болдық.

Оны айтып отырған себебіміз, орталыққа келген әрбір ата-ана баласының сауығып, қатарластары секілді асыр салып жүгіріп ойнағанын, өз қолымен тамақтанғанын көргісі келеді. Бал тілінен тамған «әкешім, анашым» деген сөздерін естуді армандайды. Мекемеде санитар болып жұмыс істейтін екі қызметкердің баласы осында емделуде екен. Сол екеудің бірінің ұлын тамақтандыруға бара жатқанын орталық директоры Гулия Лесбекқызы байқап қалды да: «Қалқам, бұлай болмайды. Бала қолына қасық ұстап, алдындағы тамақты өзі жеп үйренсін. Соған қазірден бастап әрекет жасауы керек» деді. Осы бір ауыз сөзден орталықтағы қызметкерлердің көңілі жабырқау күйде жүрген ата-аналардың үмітін сөндіріп алмай, керісінше оята түсуді мақсат ететінін байқауға болар еді. Өз жұмысынан ләззат алатын, кәсібін жан-тәнімен сүйетін Гулия Лесбекқызын әңгімеге тарттық.

– Оңалту орталығына келгендерді көпшілігіміз тез арада сауығып, аяғынан нық тұрып  кетеді деп ойлаймыз. Алайда, мүлдем олай емес. Біз кішкентай қадамдар жасау арқылы үлкен мүмкіндіктер тудырамыз. Буындарын, қолдарын, аяқтарын, тіпті саусақтарын икемге келтіретін құрылғыларды қолданып, мүгедектігі бар балаларға көмек қолын созамыз. Осындай ем-шаралардың арқасында орталықта алғашқы қадамдарын жасап, «ата, әке, апа» деген сөзді айтқан балалар аз кездеспейді, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты аталмыш орталық 2014 жылы ашылды. Содан бері мұнда 6 ай сайын 1,5 мен 18 жас аралығындағы психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл қозғалысы бұзылған 25 бала (бір жылда 50 бала) оңалту шараларынан өтіп келеді. Гулия Лесбекқызы мүгедектігі бар жеткіншектерге 8 түрлі әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтады. Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер. Былтыр психоневрологиялық ауытқуы бар – 32, тірек-қимыл қозғалысы бұзылған 10 бала оңалту шараларынан өтті. Емделушілердің екеуі – 1,5 мен 5 жас, 12-сі – 6 мен 9 жас, 27-сі – 9 бен 13 жас, біреуі 14 пен 18 жас аралығындағы балалар еді. Дәл қазір орталықта әр топта 5-6 бала оңалту шараларынан өтуде.

– Мүгедектігі бар бала қандай жағдайда болса да ата-анасы оған жарымжан деп қарамауы керек. Ата-аналардың басым бөлігі осындай қателік жібереді. Әрине, оларды түсінуге болады. Мүгедектігі бар перзентінен өзге де ұл-қыздарына көңіл бөлгісі келеді. Десек те, жарымжан балаларға күнделікті жасалынатын күтімді ұмытпауымыз керек.

Орталық мамандары балалардың адымдап жүріп болса да қатарға қосылып кетуіне жәрдемдеседі. Сосын оңалту орталығында емделушілерге дәрігерге дейінгі көмек көрсетіледі. Сондықтан ата-аналар үйлерінде балаларына дәрілерін уақтылы беріп отыруы тиіс. Кейбір аналар дәл осы мәселеде енжарлық танытады. Соның салдарынан бала тез ашуланып, агрессияға бой алдырады. Бұл біздің күнделікті жоспарымыздағы атқарылуы тиіс жұмыстарымыздың орындалуына кедергі келтіреді, – дейді Гулия Лесбекқызы.

Мамандар орталықта 6 ай оңалту шараларынан өткен мүгедектігі бар балалардың тағы да келуге асығып тұратынын айтады. «Біздің оңалту шараларынан өтетін уақытымыз неге шектеулі?» деп сұрайды екен.

– Әрине, балаларға министрлік тарапынан бекітілген стандартта солай деп қарастырылғанын түсіндіріп айтуға тырысамыз. Кейде мектеп жасындағы балаларымыз аптасына 1-2 күндей келмей қалады. Ата-анасынан себебін сұрасақ «бүгін үйге мұғалімі келеді» дейді. Ал, балаларды оңалтып, қалыпты өмірге бейімдеу үшін бір күннің өзі маңызды рөл ойнайды. Сондықтан мұғалімдер сабақтарын орталыққа келіп өтетін болса, мұндай жағдайда балалар да оңалту шараларынан қол үзіп қалмайтын еді… Қалай десек те, бұл енді алдағы күннің еншісіндегі мәселе, – деді орталық директоры.

Гулия Лесбекқызы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, еңбекқор балалардың Төлеби ауданындағы Көксәйек ауылында орналасқан арнайы мектепке баруына жол сілтеп отырады екен.

– Балаларға Көксәйек ауылындағы білім ошағын бітіргеннен кейін Кентау қаласындағы мүгедектігі бар балаларға арналған арнайы колледжге оқуға түсе аласыңдар, мамандық иесі болуларың керек деймін. Мәселен, мен бұл жерге келмей тұрғанда Шымкенттегі ересектерге арналған оңалту орталығын басқардым. Мұнда ротациямен ауысып келдім. Шымкенттегі оңалту орталығында менің қол астымда мүгедектігі бар 13 қызметкер жұмыс істеді. Бүгінде олардың арасында отау құрып, өмірге 12 мүшесі сау сәби әкелгендер бар. Сол себепті мен мұндағы балаларға ылғи да осындай деңгейге жетулерің керек деп айтып отырамын, – дейді Гулия Лесбекқызы.

Жалпы, Гулия Жазықбаева облысымыздағы ең білікті де тәжірибелі дәрігерлердің бірі саналады. Ол 1985 жылы Алматы медицина институтын бітіріп келгеннен кейін Шымкенттегі облыстық клиникалық ауруханада (ол кезде бұл аурухана облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты болды) 24 жыл жұмыс істеді. Жауапкершілігі мың батпан салада 10 жылдай терапевт дәрігер болып, өзінің нағыз кәсіби болмысын қалыптастырды. Екінің біріне бұйырмайтын кәсіпті меңгерген маманға ең алдымен адамгершілік, ар тазалығы, жүрек жылуы керек. Кейіпкеріміздің бойында осы аталған қасиеттердің барлығы табылды. Сондықтан аурухана бас дәрігері оған мемлекеттік қызметкерлерге, оның ішінде облыс әкімі мен облыс әкімі орынбасарларының, басқарма басшыларының отбасына, еліміздің, облысымыздың өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген ардагерлерге арналған арнаулы емхананың меңгерушісі қызметін үлкен сеніммен тапсырды. Гулия Лесбекқызы олардың ешбірінің диагнозынан қателеспегенін бүгінде мақтанышпен айтады. Шымкент қаласындағы ересектерге арналған оңалту орталығында да басшы ретінде емдік шараларға өз жаңалықтарын енгізіп, іргелі мекеменің бет-бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосты. Оның емделушілерге көрсеткен қызметі, еңбегі, төккен тері лайықты бағаланды. «Медицина саласының үздігі» төсбелгісімен, бірнеше мерекелік медальмен және Алғыс хаттармен марапатталған Гулия Лесбекқызы 60 жасқа келіп, өзінің құтты шаңырағында аялап өсірген перзенттерінен сүйген 6 немересінің ардақты әжесі болып отыр.

Жаралы жандардың жәрдем табатын мекеніне айналған Сайрамдағы мүгедектігі бар балаларды оңалту орталығына басшылық жасап отырған Гулия Лесбекқызы еліміз үшін әрбір баланың ертеңі қымбат екенін айтады.

ПІКІР ЖАЗУ