Үкімет өкілдері Жаңа жыл қарсаңындағы азық-түлік бағасына қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан үкіметі Жаңа жыл қарсаңында бағаны ұстап тұру үшін аймақтардағы тұрақтандыру қорларынан өнімдер алу басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы премьер-министр сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды. Үкімет хабарламасында Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, қараша айында азық-түлік емес тауарлардың баға индексі – 0,7 пайыз, ақылы қызметтердің баға индексі – 0,8 пайыз, азық-түлік өнімдері 1,1 пайыз болғаны айтылған. “Ақылы қызметтердің өсуінің баяулауы байқалады, олар 2024 жылы “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасының басталуына байланысты ең жоғары өсімді көрсетті (жылдық мәнде 13,3%)”, – делінген ресми хабарламада. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, азық-түлік инфляциясын тежеу үшін аймақтарда көкөніс қорлары пайдаланыла бастаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 159,6 мың тонна көкөніс қорының 13,4 мың тоннасы сатылды.
Ең көп сатылғаны – картоп (7,2 мың тонна), сәбіз – 2,1 мың тонна, пияз – 2,2 мың тонна, қырыққабат – 1,7 мың тонна. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне аймақтармен бірлесіп, негізгі азық-түлік өнімдерінің, соның ішінде жылыжайда өсірілген көкөністердің бағасын тұрақтандырып, Жаңа жыл қарсаңында олардың жеткілікті мөлшерде сауда сөрелерінде болуын қамтамасыз етуді тапсырған. “Тұрақтандыру қорларында осы уақытқа дейін жинақталған азық-түлік қорын өңір нарықтарына жеткізу және оны ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері арқылы сатылымға шығару тұрғындарды жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге әрі көкөніс және басқа өнімдерді қолжетімді бағада сатуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар жаңа жыл алдындағы негізгі азық-түлік өнімдері бағасының күрт өсуін тежеуге бағытталған”, – делінген үкімет хабарламасында.