Түрмедегі Күдебаевқа жағдай жасап отырғандар жазалана ма?
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев желіде пайда болған экс-генерал Серік Күдебаевтың бас бостандығынан айыру орындарында түсірілген суретіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Осы жағдай қылмыстық-атқару органдарында біраз олқылық бар екенін көрсетіп берді. Соған байланысты біздің тиісті комитетіміз бар, өздеріңіз білесіздер. Сол комитет Сенаттың тарапынан сараптау жасайды. Оның нәтижесін өздеріңізге мәлімдейтін боламыз, – деді ол.
Журналистер «Қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан Күдебаевтың санаторияда жатқандай «бар жағдайы жасалуы» қалай болды? Оған мұндай жағдайды кім жасап беріп отыр?» деп сұрады.
Бұл заң бұзу. Мұндай жағдайға жол бергендер жауапкершілікке тартылады. Қажетті тергеу-тексеру жүргізіледі, – деді ол.
Ал «түрме басшысы жұмыстан шыға ма?» деген сауалға спикер «құқық қорғау органдары тиісті шараларды қолданады» деп жауап берді.
Айта кетейік, бұған дейін түрмедегі Серік Күдебаевтың өзге адамдармен дастархан басында отырған суреті елдің талқысына түскен еді.