Түркістанның туристік және инвестициялық әлеуетін көтеру жұмыстары жалғасады
Облыс орталығы – Түркістан қаласының даму қарқыны қалай? Қандай мәселелері бар? Туристік, өндірістік әлеуетін көтеру үшін не істеу керек? Осы сұрақтарға облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте жауап ізделді. Қала активімен өткізілген кезекті жиында шаһар басшысына, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Кемшіліктер екшеліп, жоспарлар жасалды.
– Туризм саласы – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер тигізетіні сөзсіз. Сондықтан мәдениет және туризм басқармасымен бірлесе отырып, туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Алдыңғы кездесуде Түркістан қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 4 нысанның құрылысын 1-ші желтоқсанға дейін аяқтауды тапсырғанмын. Екі нысан әлі тапсырылмаған. Қатаң бақылауға алу керек. Жыл сайын үйлердің келбетін ретке келтіруге, жолдарды жөндеуге қаражат бөлінуде. Бірақ кемшіліктер анықталуда. Ол толық талапқа сай етіп жасалсын. Тұрғындарды да үйлерді сәні, біркелкі етіп ұстауға үгіттеу керек. Қаланың кіріс көздерін табысын ұлғайту шарт. Жаңа кәсіпорындарды ашуға бар күш-жігерді салып, қаланың инвестициялық климатын жақсартқан жөн. Бұл үшін барлық ресурстар бар. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұрбол Тұрашбеков атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда қала әкімдігі жанында «Халықтық кеңсе» мен «1310» Бірыңғай байланыс орталығы тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеуде. Сонымен қатар қала аумағында 6 сектор құрылып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста өзекті мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуда. Өзіндік кірістердің көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 15 млрд. теңге болса, 2023 жылға 20,1 млрд. теңге болып нақтыланды немесе өсім 34,0% пайызды құрады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылдың қорытындысымен 319 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 3,8% өскен. Өнеркәсіп саласында 2022 жылы 21,1 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда 0,7% артқан.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов қаланы дамыту барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Есепті кезеңде Түркістан қаласында өңдеу өнеркәсібі өнімінің бірқатар негізгі көрсеткіштері орындалмаған. Атап айтқанда, өндірілген тамақ өнімдерінің көлемі 1 млрд. теңгені құрап, аздап төмендеген. Жеңіл өнеркәсіп көлемі 91 млн. теңгені құрап, индикатор толық орындалмаған.
Салықтар мен түсімдер жоспарын орындау жұмыстарын да ширату керек.
Облыс әкімі тарапынан коммуналдық мәселелер, тұрғын үйлерді сапалы әрі уақтылы тапсыру және барлық саладағы жұмыстарды қатаң қадағалау, жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді. Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру, туристік әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғасады.