Түркістанның «Тұран» ерлер командасы гандболдан 3 дүркін ел чемпионы атанды
Шымкент қаласында гандболдан жоғары лигадағы ерлер командалары арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды. Қол добы шеберлерінің биылғы додасына елімізден 8 команда қатысып, бас жүлдеге таласты. Финалдық бәсеке Шымкент қаласында желтоқсанның 6-12 күндері өтіп, үздіктер анықталды.
Қорытындысында Түркістан облысының «Тұран» құрамасы І орынды иеленіп, қатарынан үшінші рет алтын медальдің иесі атанды. Тартысты өткен чемпионатта ІІ орынды Шымкент қаласының командасы алса, ІІІ орынды Қарағанды облысының командасы місе тұтты.
Маусым барысында 5-тур бойы нәтижелі ойындар көрсеткен Түркістан облысының «Тұран» командасы биыл да өз биігінен түспей, гандболдан жоғары лигадағы ерлер арасында 3-ші рет қатарынан чемпиондық атағын сақтап қалды. Тұрандықтардың осындай жақсы көрсеткішке жетуіне «Тұран» спорт ойын түрлері клубының директоры Сабыржан Қалдыбекұлы жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бапкерлердің еңбегі мен клубтағы өрендердің бірлігі де жеңісті жолға жетелеуде.