Түркістандық Жаңыл Балтабаева Париж паралимпиадасына жолдама жеңіп алды

Венгрияның Сегед қаласында пара каноэдан өткен лицензиялық әлем чемпионатында Қазақстан спортшысы Жаңыл Балтабаева Парижде жайлауы желбірейтін Паралимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Чемпионаттың В финалында (VL3 классы) өнер көрсеткен түркістандық спортшы 200 м қашықтықты 1:05.83 секундта бағындырып, мәреге екінші болып жетті. Осы бәсекеде польшалық Моника Кукла 1:05.45 секунд нәтижесімен бірінші, ал франциялық Елеа Чарвет 1:07.33 нәтижесімен үшінші болып жетті.

Жаңыл 33 жаста, алты жылдан бері кәсіби түрде пара каноэмен айналысады. Азия чемпионы (Самарқанд – 2023), Ханчжоу Азия Паралимпиадасының қола жүлдегері, (Қытай – 2023). Спортшы Қазақстан Республикасының аға жаттықтырушысы – Геннадий Ивановтың басшылығымен жаттығады. Түркістан облысының су спорт түрлері мектебінің спортшысы. Білікті басшы Денис Жарменов басқаратын спорт мекемесі бұған дейін де бірнеше жолдама еншілеген болатын.

Жаңыл осымен Паралимпиада ойындарына еліміздің 12-ші лицензиясын иеленді. Бұған дейін пара каноэдан Спатай Бибарыс, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, пара жүзуден үш жолдама, пара таеквондодан Нұрлан Домбаев, Камиля Досмалова және Нышан Өмірәлі алған болатын.

Париж-2024 Паралимпиада ойындары тамыздың 28-і мен 8-ші қыркүйек аралығында өтеді.

ПІКІР ЖАЗУ