Түркістандық велошабандоздар Жетісу өңірінде топ жарды

Жетісу облысы Талдықорған қаласында велоспорттан «Жетісу шұғыласы» жарысы өтті. Республикалық велошабандоздар бәсекесінде Түркістан облысының командасы нәтижелі өнер көрсетті. Аталған сайыста 2008-2009, 2010-2011 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар бақ сынап, өзара кіл мықтыларын анықтады. Қыздар арасындағы тас жолдағы велосипед сайысында Түркістан облысынан №2 БЖСМ мектебінің спортшысы Жаннель Садыкова 1 күміс және 2 қола жүлдеге ие болып, өңір мерейін асқақтатты. Осылай қос жүлдеге қол жеткізген түркістандық құрама жалпыкомандалық 3 орынды еншілеп, арнайы кубокты иеленді.

Айта кетейік, аталған жарысқа республика бойынша 6 облыс және бір қаладан 150 спортшы қатысып, бақ сынады. Атап айтсақ: Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан велошабандоздар қатысты. Олар жекелей, командалық, топтық және критериум бағыттарында 10, 15, 17, 20, 25, 45, 65 шақырым қашықтықтарда жарысты.

Түркістан облысының велоспорт федерациясында 100-ге жуық велоспортшы бар. Өңірде Түркістан және Кентау қалаларындағы филиалдары жұмыс істеуде. Жаз мезгілінде де жаттығу жалғасады. Аталған спорт бағытына велоспортқа қызығушылығы жоғары 10-14 жас аралығындағыжасөспірімдер қатысуға болады. Әр баланың алда түрлі жарыстарға қатысып, Түркістан облысының велоспорт саласын дамытуына мүмкіндігі бар.

ПІКІР ЖАЗУ